Әлеуметтік желіде арзан бағамен мопс күшіктерінің сатылатыны туралы хабарламаны көрген Петропавл тұрғыны сатушыға хабарласқан. Әйел алдын ала төлем жасап, «жануардың жолын қарайлаумен» болады. Біраз уақыт өткен соң сатушыға хабарласайын десе - нөмірі сөндірулі.
«Күдікті кім екені анықталды. Ол Ақтөбе облысының тумасы, мектепті енді ғана бітірген қыз екен. Оның 11 интернет-алаяқтық әрекетіне қатысы болуы мүмкін. Соның бәрінде қыз асыл тұқымды күшіктерді «сатып» келген. Алдын ала төлемнің мөлшері сатып алушымен өзара келісім негізінде, 30-80 мың теңге аралығында белгіленген. Қыздың айласына ілінгендердің көпшілігі - елорда тұрғындары», - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.
Іс материалдары Астана ішкі істер департаментіне берілді. «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Оған сәйкес, 4 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленуі мүмкін.
Жыл басынан бері солтүстікқазақстандық полицейлер 13 интернет-алаяқтық қылмысын ашқан.