Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданының тұрғыны Тұрған Шамшетова «Даму» қорынан қаржы алып, жүн өңдеу кәсібін бастады. «Бастау Бизнес» жобасы арқылы білімін жетілдірген кәсіпкер алдымен жүн мен мақта өңдейтін құрал-жабдықты сатып алды.
«Жүн жуу, түту, тазалау көп уақыт алады. Ал жаңа аппарат жұмысты жеңілдетті. «Бизнес Бастау» жобасы ауыл тұрғындары үшін ең тиімді жолдарды ұсынды. Қыз жасауын дайындап, көрпе тігуді қолға алдым»,- деді кәсіпкер Тұрған Шамшетова. Ауыл кәсіпкері жұмыспен қамту орталығы арқылы бір адамды жұмысқа алып, қолөнер бұйымдарын облыс орталығына тапсырыспен жеткізіп жатыр. Шебер көрпе тігіп, жастық дайындайды. Терезе жапқыш, жүннен ұлттық киімдер тігіп жүр. Жүн түтетін аппараттың қызметін ауыл тұрғындары пайдаланады. Олар түйе, қой жүнінен жасалған көрпелерін жаңартып жатыр.
«Түрлі көрме-жәрмеңкелерге қатысып, семинарларда біліктілік арттыру мүмкіндіктерін пайдаланып жүрмін. Алдағы уақытта ұлттық бұйымдар көрмесін жасап, өз қолыммен тіккен бұйымдарды көршілікке ұсынғым келеді. Кез келген әйелдің қолынан іс келеді. Тек ине мен жіптің ілімін білу керек»,- деді Тұрған Шамшетова. Ол алдағы уақытта мал бағатын шаруалармен байланыс орнатып, жүн сатып алуды көздеп отыр.
Ал кәсіпкер Салтанат Жақсығарина сүтті ірі сүт өңдеу цехына тапсырады. Ол сүттің әр литрін 75 теңгеден өткізіп жүр.
«Бизнес жоспар жасап, 2 миллион теңге алдым. Қаржыға 7 сүтті сиыр сатып алып, қазір өнімді цехқа өткізіп отырмын. Қаржының бір бөлігіне мал азығын сатып алдым. Құрылыс жүргізіп, мал басын арттыру жоспарымда бар. Әрі құс бағамын. Осы жолмен кәсіпті бастап, табыс табуға кірістім»,- деді Салтанат Жақсығарина. Май мен қаймақ, ірімшік, айран сататын ауыл кәсіпкерінің тұрақты сатып алушылары бар.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданында биыл құны 54 миллион теңге болатын 20 бизнес жоба қаржыландырылды. Тағы бірнеше кәсіпкер бизнес бастау үшін құжат рәсімдеп жатыр.