Ақтөбелік азамат бомба қойылды деп екі рет жалған хабар берген

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 31 жастағы жігіт екі рет «бомба» қойылды деп ақпарат беріп, ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қалалық полиция басқармасының «102» нөміріне белгісіз біреуден қоңырау түсті. Қоңырау шалған ер адам Мұғалжар ауданы Ақкемір ауылындағы теміржол вокзалында «бомба» бар екенін хабарлады. Арада бірнеше минут өткен соң дәл сол адам қайта хабарласып, Ақтөбе қаласы, Қарғалы елді мекеніндегі дүкендердің бірінде де «бомба» қойылғанын айтқан.

«Қоңырау шалушы көрсеткен орындарға қызметкерлер жіберілді. Арнайы бөлімше саперлері тексерді. Жарылғыш зат табылған жоқ. Сонымен бірге Мұғалжар ауданы Ақкемір ауылының ғимаратында тексеру жүргізіліп, нәтижесінде жарылғыш зат табылмады. Іздестіру кезінде облыстық ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бұрын сотталған Мұғалжар ауданының 31 жастағы тұрғынын анықтап, мас күйінде полиция бөліміне жеткізді. Заттай дәлел ретінде ұялы телефоны тәркіленді», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Қазір Қылмыстық кодекстің «Дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Осы баптың санкциясы 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.