Ақтөбе қалалық мәслихатына қатысып, қала әкімі Ілияс Испановтың 7 айлық есебін тыңдаған қоғамдық кеңес мүшесі ата-аналардың жанайқайын жеткізді. Ғалым Дәулеталиннің айтуынша, мүлкін сатып, соңғы ақшасын құмар ойынға салып жібергендер бар.
«Мемлекеттік кірістер департаментінен мәлімет алған кезде 41 букмекерлік кеңсе бар екені белгілі болды. Бірақ қаладағы басқарушы компания есептеп, 69 букмекерлік кеңсені санап берді. Жасырын бизнес анықталған кезде аз айыппұл салынады. Үлкен ақша айналымы жүріп жатқан кеңсе үшін 50 мың теңге - өте аз ақша. Ата-аналар «балаларымыз кіріп, үйдің мүлкін салып жіберді» деп айтады. Казиноның орнын букмекерлік кеңсе басып, демалыссыз, үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Жасы 21-ден асқан адамдар ғана баруға тиіс жерден жасөспірімдер ұсталып жатыр. Бұл рейд кезінде ғана анықталады»,- деді Ғалым Дәулеталин.
Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов жеке бизнеске кедергі келтіруге құқығы жоқ екенін, тексеру тек заң аясында жүретінін жеткізді.
«Букмекерлік кеңселердің санын анықтап, жұмыс уақытын тексереміз. Маған немесе сізге ұнамайды деп жауап тастай алмаймыз. Қоғамдық кеңес пен жергілікті билік бірге жұмыс істеп, бәс тігетін адамдарды назарға алғаны жөн. Ол орындардың тұрақты келушілері бар, барын сол жерге салатын адамдар бөлек. Тіпті, футболдан әлем чемпионаты кезінде бір адамның көлігін сатып, ұтылып қалғанын да естідік»,- деді Ілияс Испанов.
Алдағы уақытта Ақтөбедегі ломбардтар да бақылауға алынады. Прокуратура, ІІД мен жергілікті әкімдік келісімге келіп, бағалы заттарын тапсырған әр адамды арнайы суретке түсіріп, құжаттарын тіркеу міндеттелді. Бұл әдіс ұрлықты азайтып, жоғалған заттарды табуға көмектеспек.