Ақтөбелік білім бөлімі мектеп пен мұғалімге сый жасағандар жазасыз қалмайтынын ескертті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық білім бөлімі мектеп пен мұғалімге сый жасау дерегі тіркелсе, жаза қолданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде келесі аптада соңғы қоңырау соғылады. Ақтөбе қаласы бойынша биыл 2688 оқушы мектеп бітіруі тиіс. Олардың 2479-ы ұлттық бірыңғай тест тапсырса, өзгелері мектеп аттестатымен орта арнаулы оқу орындарына құжат тапсыруды жөн санап отыр. Мектептегі емтихан 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өтеді. Аттестат алу үшін түлектер бес пәннен емтихан тапсырады. Ана тілі, Қазақстан тарихы, математика мен екінші тіл. Яғни, қазақ мектебінің түлектері орыс тілінің, ал орысша білім алғандар қазақ тілінің сынағынан өтеді. Бесінші пәнді оқушының өзі таңдайды. Бәрі сәтті өтсе, 10-12 маусым аралығында түлектер аттестат алып, мектеппен қоштасады.

«Қалада ҰБТ үш жерде өтеді. Оқушылар әзірлікті пысықтап жатыр. Олар осы жылдың өзгерістері мен жаңа форматқа дайын. Алдымен мектепте емтихан тапсырып, кейін жоғарғы оқу орнына түсу сынағынан өтеді. Мектеп бітіру кешіне білім ордасы жауапты емес. Яғни, түлек 12 маусымда аттестат алып, мектептен шыққан соң көңілді кеш ұйымдастырса, оған ата-анасы мен түлектің өзі ғана жауапты. Жыл сайын айтылатын, ескерту жасалатын тағы бір жайт бар. Түлектер ақша жинап, мектепке, мұғалімге сый жасамауы тиіс», - деді қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлназ Мырзағалиева.

Айта кетейік, егер Ақтөбе қалалық білім бөлімі сый жасау дерегін анықтаса, жазаға тартамыз деп отыр. Басшылар жазаның түрі мен нақты кімдердің жазаланатынын ашық айтқан жоқ.