Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бүгін Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша айыпталған Ришат Мұртазинге үкім шықты. Сотталушы үйленген, балалары бар. Іс материалдарына сүйенсек, Р.Мұртазин маусым айында Лилия Кильді жұмысқа тұрғызуға уәде беріп, кейін оны іздеп үйіне барады. Кеңсеге барып, жұмысқа орналасу туралы өтініш айтпақ болған Ришат Мұртазин мен Лилия Кильдің жолы болмай, кері оралады. Сол кезде олар үй маңындағы гараждың жанына барып ішімдік ішеді. Мас болып қалған Лилия Киль ішімдік ішуін тоқтатып, қарсылық білдіреді. Сол кезде сотталушы оны бір рет ұрып, есінен тандырады. Арада бірнеше сағат өткенде жәбірленуші есін жиды. Екеуі тағы да ішімдік ішіп, Лилия Киль өзін ұрғанын айтып, кетуге оқталады. Ришат Мұртазин тағы да ұрып, есінен тандырады. Оқиға орнында Лилия Киль көз жұмды. Қыздың тамырын ұстап, бақылаған соң мерт болғанын біліп, ағаштардың арасына сүйреп апарады. Сол жерде көміп, өзі оқиға орнынан қашып кеткен. Жаз айында мәйіт екі апта далада жатып қалған. Мәйітті кездейсоқ адам тауып алып, полицияға хабар берді.
Сот-медициналық сараптама кезінде Лилия Кильдің басынан ауыр соққа алғанын, бас-жарақатынан көз жұмғаны анықталы. Сотталушы Ришат Мұртазин кінәсін толық мойындады.
«Қылмысты арақ ішкен күйінде жасауы сотталушының жазасын ауырлатады. Мұртазин осы қылмыс алдында бұзақылық жасап, жәбірленушімен татуласып, іс тоқтатылған. Сотталушы Ришат Мұртазин «Адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзету мекемесінде өтеу белгіленсін»,- деді судья Алтынбек Сабыров. Сонымен қатар, сотталушы сот шығынының 300 мың теңгесін өтеуі тиіс.
Сот үкімі күшіне енген жоқ.