Ақтөбелік дәрігер: Ең алдымен отбасымды дерттен қорғау үшін вакцина қабылдадым

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 700-ден астам медицина қызметкері вакцина алды. №3 Ақтөбе қалалық емханасының бөлім меңгерушісі Роза Нұржанова науқастарды қабылдайтын қызметкерлер үшін вакцинаның маңызы зор деп есептейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша қазір 700-ге жуық адам үй карантинінде жатыр. Олардың бәрі медицина қызметкерлерінің бақылауында. Коронавирус инфекциясымен күрес жұмыстары кезінде алдыңғы қатарды жүрген ақ халаттылар алдымен өздері вакцина қабылдап, отбасы амандығы үшін дұрыс шешім шығарғанын айтып берді.

«Емханаға адам көп келеді. Олардың арасында коронавирус инфекциясы белгілері бар науқастар да бар. Сондықтан жақындарымды, ең алдымен отбасымды дерттен қорғау үшін вакцина қабылдадым. Үйде жасы 70-ден асқан ата-анам бар. Үш баламның да аман жүргенін қалаймын», - деді №3 Ақтөбе қалалық емханасының бөлім меңгерушісі Роза Нұржанова.
Айта кетейік, Ақтөбе облысына барлығы 1 мың доза жеткізілді. Қазір 700-ден астам медицна қызметкері екпе қабылдап үлгерді. Олар: жедел жәрдем, инфекциялық стационар және емхана қызметкерлері.

Еске салсақ, 1 ақпаннан бастап Қазақстанда жаппай вакциналау басталды. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы егу тегін жүргізіледі.

Коронавируспен ауырған адамның антиденелер титрі жоғары болса және ұзақ уақыт сақталса, вакцина салудың қажеті жоқ. Ал егер антидене титрі уақыт өте келе төмендесе немесе төртінші, алтыншы айда нөлге дейін түссе, онда иммундау мәселесі туындауы мүмкін.

Вакциналау туралы толық ақпаратты ҚазАқпарат агенттігінің арнайы айдарынан оқуға болады.