АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі Қарғалы қалалық ауруханасы медицина қызметкерлері күні алған 1 миллион теңгенің сертификатын сәбилер үйіне берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Үміт» сәбилер үйінің тәрбиеленушілеріне дәрігерлер тосынсый жасады. Қарғалы қалалық ауруханасы ұжымының шешімімен 1 миллион теңгенің сертификаты ата-ана қамқорлығынсыз, жетім қалған балаларға берілді. Ақ халаттыларға сертификатты облыс әкімі Оңдасын Оразалин медицина қызметкерлері күні тарту еткен болатын. Бұл аурухана өзгелерден үздік шығып, жеңімпаз атанды.
«Ұжымның ортақ шешімімен ақшаны жұмсамай, кішкентай балаларға сый жасауды ұйғардық. Бұл қаржы олардың ойыншығы, жөргегі, қажетті заттарына жұмсалады»,- деді Қарғалы қалалық ауруханасының бас дәрігері Алтынбек Жаңабаев.
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.