Ақтөбелік еріктілер гуманитарлық көмекпен бірге Қостанайға аттанды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің барлық ауданында Қостанайға гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Өңірде Қостанайға тағы бір жүк көлігі жөнелтілді. Еріктілер де ере кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысынан көрші өңірге дәрі-дәрмек, киім-кешек, азық-түлік, жеке гигиена заттары бар гуманитарлық автокеруен шықты. Игі бастамаға ірі сауда желілері мен меценаттар ғана емес, қала мен аудан тұрғындары үлес қосты. «AMANAT» партиясының филиалдарында 13 гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылып, партия өкілдері, еріктілер, студенттер мен «Жастар рухы» қатарынан волонтерлер жасақталды. Алғашқы гуманитарлық керуен көрші өңірдің зардап шеккен аудандарына жеткізілді.

«4 қыркүйекте сағат 9.00-ден бастап партияның қалалық филиалы жанынан гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылды. Гуманитарлық көмекпен алғашқы жүк Ақтөбеден Қостанай облысына сол күні кешке жөнелтілді. Енді біз қосымша 35 тонна жіберіп отырмыз. Бұл жолы аудан тұрғындары да үлес қосты», - деді «AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов.

Облыс тұрғындарының күшімен қант, май, жарма, күріш, киім-кешек, бірінші кезекте қажетті заттар, төсек-орын жабдықтары, сондай-ақ тұрмыстық техника сияқты азық-түлік жиналды. Сонымен қатар Қостанай облысына «Жастар Рухы» жастар қанатының еріктілері аттанады. Олар қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, көмек көрсетуге және тауарлар таратуға көмектеседі.

«Жастар Рухы» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Әнуар Есқара зардап шеккендерге еріктілердің өздері көмектесуге ниет білдіргенін атап өтті. Оның айтуынша, гуманитарлық көмекті жинауға және тиеуге еріктілер, студенттер, «Жастар рухы» қатарынан 150-ден астам адам қатысты.

Айта кетейік, арнайы киім тігетін фабрика да 6 млн тең болатын киім-кешек берді. Кәсіпкер Надежда Шабаеваның айтуынша, күн суытқан кезде бұл өте қажет көмек.

Еске салсақ, алғашқы көмек 4-қыркүйек күні жөнелтілді.