Ақтөбелік кәсіпкер мүгедек қызы бар отбасына пәтер сыйлады
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында тұратын Бағила Бекішева бір отбасыны өзі асырап отыр. Күйеуі Алдаберген Бекіш жасы 60-тан асқан соң тұрақты жұмыс таба алмай жүр. Әрі бойдан күш кеткенде ауыр жұмыс істей алмайды.
«Өзім Шалқар ауданының қызымын. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы мән-жайды айтқан соң әлеуметтік жағдайы төмен, мүгедек балалары бар анамен, отбасымен кездестім. Газы жоқ үйде тұрады. Ешкім тұрақты жұмыс істемейді. Мүгедек балаларының зейнетақысы мен анасы Бағила Бекішеваның тары-талқан сатып, тапқан табысымен күнкөреді. Оларды көріп, жүрегім ауырды. Жағдайын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Рамазан айында қайырымды іс жасауға бекініп, мүгедек қызы үшін 2 бөлмелі пәтер алып бердім. Алдағы уақытта азық-түлік жеткізіп, 18 жасқа келген Гүлшат Бекішеваға сауықтыру шараларын ұйымдастырамын»,- деді кәсіпкер.