Ақтөбелік кәсіпорын жұмысшының жарақат алғанын жасырып, өтемақы төлемеген

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық прокуратурасы бірінші жартыжылдықты қорытындылады. Өңірдегі ірі компаниялар жұмысшы жарақатын жасырып, еңбеккерлердің жалақысын дұрыс төлемеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық прокуратурасы 6 айда 8 мыңнан астам адамның конституциялық құқығын қорғады. Барлығы 500-ден астам лауазымды қызметкер жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде мемлекет пайдасына 3,7 миллиард теңге өндірілді. 

«Облыстағы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, Дөң кен байыту комбинаты, «СНПС-Ақтөбе көлік компаниясы» ЖШС, «Восток нефть и сервисное обслуживание» ЖШС, «Ұлы қабырға ҚҚБК» ЖШС-і секілді ірі өндіріс орындарының қызметінде жұмысшылардың еңбек құқықтары бұзылды. Жұмысшылардың жалақысынан заңсыз ақша ұстап, гигиеналық заттармен қамтамасыз етпегені анықталды. Сонымен қатар, еңбек демалысын беру кезінде заңсыздықтарға жол берді. Прокуратура тексеруінен соң барлығы 2 мыңнан астам жұмысшының конституциялық құқығы қорғалды. Ал «Восток нефть и сервисное обслуживание» ЖШС-і жұмыс берушінің кінәсінен жарақат алған жұмысшыға қатысты деректі жасырды. Тексеруден соң компания жұмысшыға өтемақы төледі. Әрі ішкі істер органдарымен сотқа дейінгі тергеу өндірісі басталып, іске қатысы бар еңбек инспекциясы басшысының орынбасары және 2 бөлімнің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қадағалау шарасы нәтижесінде бірнеше компания 2 мыңнан астам жұмысшы алдындағы бережағын өтеді. Қарыз 328 миллион теңгеге жеткен»,- деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.