Ақтөбелік құрылысшылар жұмыс пен жалақы төлеміне келісе алмай жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында құрылыс жұмыстарын жүргізген бас мәрдігер мен қосалқы мердігерлер өзара келісе алмай жатыр. Бірі жұмысымның ақысы төленбеді, екіншісі жұмыстың сапасы нашар деп сын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарына «Актобеэлектросетьтрой» ЖШС жауапты. Бас мердігер компания ішкі әрлеу жұмыстарына қосалқы мердігер компанияны шақырып, соңында бірі жұмыстың сапасына, екіншісі жалақыға қатысты сын айтты. Бүгін екі тарап кездесіп, тағы да талап қойды.

«Берілген жұмыс ауқымын аяқтамаған кезде ынта болсын деп ақыны алдын ала төлеп отырдық. Ал жұмысшылар өз уақытында құрылысты сапалы атқаруға уәде берді. Өкінішке қарай, жұмысшылардың кейбірі өз міндетін тиянақты атқара алмай, біз басқа серіктеске ұсыныс бердік. Олар түнгі уақытта да жұмыс істеп, нысан сәтті тапсырылды. Ал қазір пәтер алған адамдар жұмысшылардың іс-әрекетінен кінәрат тауып жатыр. Еурожөндеу болса да қателік болады. Бірақ сол қателікті, ескертуді жою үшін қосалқы мердігер жұмыс істеу керек. Ал олар бұл талапты орындамай отыр»,- деді «Актобеэлектросетьтрой» ЖШС-ның өкілі Қанат Көшекенов.
 

«Актобеэлектросетьтрой» ЖШС-ы барлық ескертуге құлақ асып, әрлеуді қайта қалпына келтіруге дайын жұмысшының бүгін жалақысын беруге уәде берді.

«Адамдарға қарызымыз әртүрлі. Әрқайсысына 200-300 мың теңге қарызбыз. Біз үш көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргіздік. Ішкі әрлеу жұмыстары кезінде 40-50 бригада жұмыс істеді. Біз олардың 80 пайызына еңбекақы төледік. Өзгесі қателік жойылған соң алады», - деді Қанат Көшекенов.

Бүгін бас мердігердің ғимаратына жиналған ақтөбеліктер екі айдан бері жалақы даулап отыр. Олардың әрқайсысы несиені өтей алмай жүр.

«Ішкі әрлеу жұмыстары жүргіздік. Жұмыс аяқталып, ақшамызды сұраған кезде күнде ертең деп, бізді алдарқатып жүр. «Кейбір ұсақ-түйек жұмыстар дұрыс атқарылмады, тағы 20 пайыз ақша ұсталады» деп отыр. Бәрін атқардық. Жуып, таза күйінде тапсырдық, олар қабылдап алды. Өзіме 300 мың теңге қарыз болды. Несиемізді төлей алмай, пайызы өсіп жатыр», - деді Бақытгүл Жұбанышбайқызы.

Айта кетейік, мердігер компания жұмысшыларға 4 миллион теңгеден астам ақша қарыз. Бетпе-бет кездескен екі тарап өз ісінің дұрыс екенін айтып, бітімге келмей тарады.