Ақтөбелік мұғалім ұлттық кәдесый жасауды кәсіпке айналдырмақ

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылында тұратын мұғалім Жеткізген Күнтуғанов соңғы жылдары ұлттық кәдесыйларға сұраныс артқанын жасырмайды. Тіпті мектеп оқушылары дайындаған ет табағы мен бірнеше шағын кәдесыйларға тапсырыс түсіп, жәрмеңке кезінде тез сатылып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік мектеп оқушылары еңбек пәнінде ұлттық бұйымдар жасауды үйренеді. Бұл оқушылардың ұсынысымен, ынтасымен басталған іс. Жауырыннан қобыз, ағаштан домбыра мен ет табағын, түрлі ыдыс-аяқ пен ас үйде қолданатын бұйымдар жасап жүрген оқушылар мұғаліміне ой салды. Еңбек пәнінің мұғалімі Жеткізген Күнтуғанов ұлттық кәдесый жасап, оны кәсіпке айналдыруға еш кедергі жоқ екенін айтып берді. 

«Ұлттық кәдесыйларды жасауды таяуда ғана қолға алдық. Балалардың қызығушылығы жоғары. Мектепте еңбек пәнінде қамшы, ет табағын жасап жүрміз. Сандық та бар. Қой сүйектерін де кәдеге асырамыз. Жамбастан қобыз дайындадық. Мұның бәрін дайын күйінде, кәдесый деп шетелден әкеледі. Өз жерімізде да жасап, дайындауға болады»,- деді Ж.Күнтуғанов.



Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің Еңбек және бизнес факультетін бітірген мұғалімнің айтуынша, бұрын еңбек сабағында ұлттық бұйымдар мүлде жасалмаған.

«Бұрын еңбек сабағында мұндай болмады. Балалар ынта білдіріп, осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта кәсіпкер болу ойда бар. Қазіргі күні ұлттық бұйымдарға тапсырыс бар. Әзірге қажетті құрал-жабдық, шикізат алынбады. Шикізат болса, қолдан көп іс келеді»,- деді ол.



Ал оның анасы Райза Қайырбаева да мектепте Шебер қолдар үйірмесін ашты. Шебер кез келген киімді қайта тігіп, жаңа дүние әзірлеп шығады. Қағаз бен қамырдан бірнеше ертегі кейіпкерін әзірлеп, мектеп оқушыларына қажетті заттарды қағаз бен ПВА желімнен дайындап жүрген ұстаз бар өнерін балаларға үйретті. Шебер бұрын есепші болса, қазір 30 баланы ұлттық өнерге үйретіп, іс тігуді үйретін жүрген ұстаз.

«Балалар ескі заттардан жаңа бұйым әзірлегенді ұнатады. Алдыма келген оқушыны кері қайтарып, қолыңнан іс келмейді деп шығарып жібергенім жоқ. Қыздардың қолынан шыққан әдімі бұйымды көрген ер балалар да келіп, бізге көмектесіп, өздері үйреніп жатады. Ал қажетті бұйымдарды баламыз екеуміз сатып аламыз. Ағаштар табылады, егер жоқ болса, өз қаржымызға аламыз. Кейбір балалардың ата-аналары қажетті заттарды бермейді. Одай кезде мен дүкенге барып, қарызға аламын. Өнерде шектеу болмауы керек»,- деді Р.Қайырбаева.



Шебер заманауи заттар жасауды интернеттен қарап алады. Бейнематериал қай тілде болса да қолдан жасалған затты үйрену Райза Қайырбаева үшін қиынға соққан емес. Таяуда ол оқушысымен бірге айырқалпақ тігіп, қазір Әйтеке бидің мүсінін жасауды қолға алған. Бір көлікке жүк болатын қолөнер бұйымдарының бәрі мектепте сақтаулы. Шебер өз қолынан шыққан бұйымдарын үйіне жинаған емес.