«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ өңірдегі мұнай өндірісінің 67, газдың 88 пайызын қамтып отыр. Мұнда 6 мыңнан адам жұмыс істейді. Өткен жылдағы мұнай бағасының тұрақсыздығына қарамастан барлық әлеуметтік міндеттер орындалған, жалақы уақытылы төленген. Дегенмен, кемшін тұстар да жетерлік. Мұнай өндірісі 10 пайызға төмендеп, инвестиция тарту көрсеткіші 34 пайызға азайды.
«Өткен жылы компаниядағы қызметкерлер саны 168-ге қысқарды. Келісім бойынша 55 мың тонна сұйытылған газ өндірілуі тиіс еді. Нәтижесінде 48 мың тонна өндірілді. Ал жалақы 10 пайызға көтерілуі тиіс еді. Бар болғаны 1,5 пайызға өсті»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Мұнай компаниясы өткен жылы 4 миллион 121 мың тоннадан астам «қара алтын» өндірді. Ал газ өндіру биыл рекордтық көрсеткішке жетіп, 5 миллиард 759 миллион текше метрді құрады. Көлікке тұтынып жүрген сұйытылған газ көлемі 470 мың тоннадан асты. Компания шикі мұнайды Қазақстан нарығына беруін әрі қарай жалғастырып жатыр. Бас директор Ван Цзюньжэньнің айтуынша, өндірілген мұнайдың тең жартысы еліміздің мұнай өңдеу зауыттарына беріледі екен. Ал сұйытылған газдың тең жартысы ішкі нарыққа бағытталған. Мұнан өзге табиғи газды Ақтөбеден оңтүстік өңірлер тасымалдап жатыр. Жетістіктерге толы есептен соң облыс әкімі екі сұрақ қойды. Мұнай өндіру көлемі жұмыс орнын сақтау жайын білді.
«Бұл екі сұраққа жауап беру өте қиын. Қазір мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне кен орындарындағы қара алтынның сарқылуы да әсер етіп тұр. Егер жаңа кен орындары анықталса, біз мұнай өндіруді әрі қарай жалғастырып, өткен жылдың көрсеткішін сақтаймыз. Ал жұмысшыларға келер болсам, еңбек келісім шартын орындап, компанияның дамуы үшін үлес қосатын кез келген адамның жұмыс орны сақталады. Ал талапқа бағынбаған жұмысшыларды ұстап отыра алмаймыз», - деді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Ван Цзюньжэнь.
Мұнай компаниясы соңғы үш жылда жалақы көтермеді. Өндіріс орнының кәсіподақ ұйымы жағдайдың тұрақталғанын айтып, биыл бас директорға жұмысшылардың еңбекақыны өсіру туралы өтінішін жеткізді. Кездесуден соң компания, облыс әкімдігі мен кәсіподақ үшжақты меморандумға қол қойды.
Алтынай Сағындықова