Ақтөбелік оқушылар жазғы демалысын шетелде өткізді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік оқушылар еліміздің бірнеше өңірін аралап, Өзбекстан, Қытай, Ресейде демалды. Биыл оқушылардың 93 пайызы демалысын сәтті өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша биыл 118 мың оқушы жазғы демалысын ойдағыдай өткізді. Олар қала сыртындағы лагерьлерде тынығып, мектеп жанындағы, шатырлы демалыс орындарында болды. 

«Бақытты бала» жобасы аясында 502 дарынды, талантты, үздік оқушылар мен әлеуметтік жағдайы нашар балалар алыс және жақын шетелге, еліміздің демалыс, сауықтыру лагерлеріне барды. Мәселен, 400 бала Шығыс Қазақстан облысындағы «Дарын» лагерінде, 80 оқушы Орынбордың «Солнечная Страна» лагерінде, 5 оқушы Татарстандағы робототехниканы тереңдетіп меңгертетін «Байтик» лагерінде болды. Сонымен қатар, бес оқушы Қытайға жіберіліп, 12 бала «Ақтөбе ӘКК» ҰК» АҚ бастамасымен «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында тынықты»,- деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі. 

Оқушылар Қазақстанның киелі жерлер географиясына енген қасиетті жерлерді аралады. Барлығы 15 мың оқушы тарихи-мәдени ескерткіштермен танысты. Алдағы уақытта 100 бала Байқоңыр - Ташкент - Самарқанд бағытымен жолға шығады. Қазіргі уақытта «Бөбек» және «Балдәурен» республикалық орталықтарында аз қамтылған, көпбалалы отбасы балалары мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, дарынды балалардың демалысы жалғасып жатыр.

Жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін лагерьлерде 187 бала демалды. Алға ауданының Бестамақ ауылындағы инклюзивті «Күншуақ» демалу және сауықтыру лагерінде алты ауысымда 600 ерекше бала тынығатын болады.