Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің жұмысын жан-жақты таныстыруға келген департамент бастығының орынбасары Андрей Хайруллин әріптестерінің Әдеп кодексін бұзып жүргенін жасырмады. Жыл басынан бері 16 құқық қорғаушы мемлекеттік қызметкердің Әдеп кодексін сақтамаған. Оның 11-і жергілікті полиция қызметкері екен. Ал өткен жылдың бес айында 14 полиция қызметкері ереже бұзған. Сенім телефоны, әлеуметтік желідегі бақылау да күшейді.
«Сыбайлас жемқорлықты алдын-алу үшін әкімшілік полиция, көші-қон полициясына бейнебақылау камерасы қондырғысы орнатылды. Учаскелік пункттердегі тергеуші мен анықтаушының бөлмесінде бейнебақылау камерасы мен аудио жазба құралы бар. Биыл 14 қылмыстық іс бойынша 17 полиция қызметкері күдікке ілікті. Өткен жылы 8 қылмыстық іс болды. Оның алтауы сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс»,- деді департамент бастығының орынбасары Андрей Хайруллин.
Оналық колледжіне Мәншүк Мәметованың аты берілдіблыстық қоғамдық кеңестің отырысында есеп берген Андрей Хайруллин бірде-бір сұраққа жауап бере алмады. Ол кейбір сұрақты түсінбей, өзі дайындап келген баяндамасын тағы қайталады.
«Құқық қорғау органдары басшылары арасында мемлекеттік тілді білмейтін адамдар бар ма? Мемлекеттік тілде қойылған сұраққа орысша жауап берсе, заңдылықтың бұзылғаны. Қазақ тілінде қойылған сұраққа қазақша жауап бере аласыз ба?»,- деді қоғамдық кеңес мүшесі Алтай Тайжанов. Философия ғылымдарының докторы, профессордың бұл сұрағын ұсыныс деп ұққан департамент бастығының орынбасары Андрей Хайруллин сұраққа жауап беруден бас тартты.
«Полиция қызметкерлеріне халық сенбейді. Олар «бәрібір ештеңе шешпейді, өзімізге бас салады» дейді. Халық арасында полиция қызметкерлері тәртіп орнатады, қылмыстың бетін ашады, күдіктіні ұстайды деген сенім жоқ»,- деді кеңес мүшесі Түрікпенбай Айжарықов.
Айта кетейік, өткен жылы 68 құқық қорғаушы түрлі заңды бұзған. Барлығы 25 полиция қызметкеріне қатысты 19 іс сотқа жолданып, оның 22-і сотталды. Ал осы жылдың бес айында 52 құқық бұзушылық тіркелді. Барлығы он полиция қызметкеріне қатысты 8 қылмыстық іс сотқа жолданып, 8 полиция қызметкері сотталды. Өткен жылы 54 полиция қызметкері жұмыстан шығарылып, жыл басынан бері 28 құқық қорғаушы қызметтен кетті. Қазіргі кезде облыстық ішкі істер департаментінде кадр тапшылығы мәселесі өзекті.