«Қылмыскерлер жазадан құтылып кетуді ойлап, кей кезде ел асып кетеді. Өткен жылы қылмыс жасаған 8 шетел азаматын кері қайтару туралы өтініш қанағаттандырылды. Өзге елден 6 қылмыскер Ақтөбеге әкелінді. Мәселен, Ресей қылмыскер А.Худинді қайтарды. Ол ішімдік ішіп, жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан көлік жүргізген. «Самара-Шымкент» тасжолында қарсы бағытқа шығып кетіп, жеңіл көлікпен соқтығысады. А.Худиннің көлігіндегі бір жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Кісі өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасынан соң жүргізуші қашып кетіп, шекара асқан. Халықаралық іздеу жарияланып, қылмыскер көрші елден табылды»,- дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Ахмет Әділов.
А.Худин 8 айдан соң Ресейдің Тверь қаласында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Сот шешімімен ол 3 жыл 11 айға бас бостандығынан айырылды.
Алтынай Сағындықова