С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің 3-курс студенті, Ақтөбе қаласының тұрғыны Мұхтар Түлкібаев өз өмірін қатерге тігіп, Қарғалы өзеніне батып бара жатқан 28 жастағы ер адамды құтқарып қалды.
«20 жастағы Мұхтар Түлкібаев Қарғалы өзенінің жағасында достарымен бірге жүріп, ішімдік ішіп отырған екі ер адамды көрген. Бейтаныс адамдар жастардан өздерін бақылаусыз қалдырмауды сұраған. Сол кезде бірі шомылу үшін суға түседі. Алайда мас күйінде өз күшін дұрыс бағалай алмаған ол суға кіріп, шықпай қалады. Мұны көрген жігіт бір секунд ойланбастан дереу көмекке ұмтылып, суға сүңгіп, 4 метр тереңдіктен 1993 жылы туған азаматты жағаға алып шығады. Мұхтар достарымен бірге құтқарылған адамға жасанды тыныс пен жанама жүрек массажын жасады. 5 минут ішінде жедел жәрдем де келді. Қазіргі уақытта ер адам жедел жәрдем ауруханасындағы жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр»,- деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Ақтөбе облысының ТЖД Мұхтар Түлкібаевты ведомстволық наградамен марапаттау үшін Төтенше жағдай министрлігіне өтініш жолдады.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 13 адам суға батып кетті. Оның үшеуі - бала.