Ақтөбелік тасымалдаушылар жолақыны 200 теңгеге көтеруді сұрады
Ақтөбе қаласындағы «Автопарк» ЖШС-і мен мемлекет қаржыландырып отырған Қалалық жолаушылар тасымалы кәсіпорны жаңа автобустар сатып алып, кейін жолақыны көтеруді сұрады. Алғашқы қоғамдық тыңдау «Геолог» мәдениет үйінде өтті. Жиынға 10-ға жуық тұрғын келіп, өздерінің қарсылықтарын білдірді. Ал тасымалдаушылар бағаны көтерудің себебін түсіндірді.
«Автопарк» ЖШС-і» 212 теңгеге, Қалалық жолаушылар тасымалы кәсіпорны 200 теңгеге жолақыны көтеруді сұрады. Ақтөбе қаласында жолақы 2015 жылдан бері 55 теңге болып сақталып отыр»,- деді Ақтөбе қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Алдияров.
Қазіргі кезде Қалалық жолаушылар тасымалы кәсіпорнында 129 автобус бар. 2010-2017 жылдары шығарылған автобустарды айналымға енгізген кәсіпорынның қарызы 360 миллион теңгеге жеткен.
«Апта сайын, ай сайын қосалқы бөлшектер қымбаттап жатыр. Жанар-жағармай шарықтап барады. Біз жолақыны 212 теңгеге көтеруді сұрап отырмыз. Соңғы екі жылда 85 автобус алынып, 1,7 миллиард теңге жұмсалды»,- деді компания директоры АқарысТілеулес.
Ал қоғамдық тыңдауға келген тұрғындар бірден қарсылықтарын білдірді.
Айта кетейік, қоғамдық тыңдау қаланың бірнеше аумағында өтеді. Депутаттар мен қоғамдық ұйым өкілдерінен құрылған топ тұрғындардың арызы мен өтінішін тыңдайды.