Ақтөбелік тауар өндірушілер мұнай компаниясына өнімдерін ұсынуға мүмкіндік алды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ашық есік күнін өткізді. Жергілікті тауар өндірушілер ірі мұнай компаниясына өз өнімдерін ұсынуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде «Қазақстандық үлесті арттыру: өзара әріптестік пен серіктестік» атты іскерлік форумы өтіп жатыр. Қазақстандық тауар өндірушілер ірі мұнай компаниясына өз өнімдерін ұсынды.

«Біз мұнай қыздыратын пеш, мұнай-газ операторларын дайындаймыз. Құрал-жабдықтардың бәрі шетелден әкелінгенімен, шикізатты Қазақстан компанияларынан алып отырмыз. 2016 жылы ашылып, қазіргі кезде жергілікті мұнай компанияларының тапсырысын орындап отырмыз. Алдағы уақытта ауқымды тапсырыстар орындауды мақсат етіп отырмыз»,- деді «ЭкоЭкспресс Ақтөбе» ЖШС-нің бөлім басшысы Айбек Өтеуов.

«СНПС-Ақтөбе» АҚ қазақстандық үлеске басымдық бергенімен, кейде ұсыныс аз болады. Мәселен, жұмыс пен қызметтегі қазақстандық үлес 85 пайызды құраса, тауардағы қазақстандық үлес бар болғаны 16-18 пайыз болып тұр.

«Жыл өткен сайын қазақстандық үлесті арттыруға басымдық беріледі. Егер мұнай саласына қажетті тауарлар жергілікті жерде, Қазақстанда шықса, импорт азаяды. Мәселен, бұған дейін бұрғылау жұмыстарына қажетті цемент тек шетелден әкелінді. Ал қазір Шымкентте шығарылып, тапсырыс беріп отырмыз. Химиялық реагенттер де жергілікті жерде өндіріле бастады. Қазақстандық үлесті арттыру тек мұнай компаниясының қолында емес. Сондықтан өндірісті дамыту керек деп есептейміз. Біз қазір 10 мыңнан астам тауарға тапсырыс беріп отырмыз»,- дейді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның мемлекеттік сатып алу департаменті басшысының орынбасарыАндрей Кудеев.
 

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев 2018 жыл Ақтөбе үшін экономикалық серпіліс жылы болады деп атап өткен болатын. Өндіріс орындарының жұмысын бақылап, кедергілерді жою үшін ашық есік күні де өткізіліп жатыр.

«Мемлекеттік органның бәрі бизнеске ашық болуы үшін жұмыс жүріп жатыр. Сонымен қатар, ірі өндіріс орындары да ашық болуы шарт. Шағын және орта бизнеске есігін ашу міндеті қойылған кезде ірі мұнай компаниясы ашық есік күнін өткізді. Бұрын мұнай компаниясына өз тауарын ұсына алмаған компаниялар да шақырылды»,- деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.