Ақтөбе қаласындағы Сазды саяжай аймағында кеше қар суы көп жиналып, халық кешкілік үйлеріне жете алмай қалған болатын. Бүгін тұрғындарды әбігерге салған аумақты Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов пен жұмыс тобы арнайы қарап шықты.
«31 наурыз күні бір айлық мөлшерде қар түсіп, кеше күн күрт жылып кетті. Өткен жылы біз суағарларға құбыр салып, қалпына келтірген болатынбыз. Бірақ су ағыны қатты келіп, құбырлар суды уақытылы өткізе алмады. Судан құтқару штабы жыраларды кеңейтіп, диаметрі 2 метр болатын бетон құбыр салды. Үйлерді су басқан жоқ, алдын-алу жұмысы уақытылы жүргізілді. Дегенмен Сазды саяжайындағы қар суы өтетін табиғи жыралар қайта қалпына келтіріп, су өтетін қосымша жол салынуы қажет»,- деді қала әкімі Ілияс Испанов.
Саяжай аумағы қазір тұрғын үй массивіне айналып кеткен. Мұнда екі қабатты коттедждер, әсем үйлер салынған. Жұмыс тобы құрылыс кезінде табиғи арна бұзылып, су ағар жолдар жабылып қалғанын растады.
«Қазіргі су ағып жатқан арнаны бетондап, қалпына келтіргенімізбен, бұл жағдай жылда қайталана беретін болады. Сондықтан екінші арнаны іске қосуымыз керек»,- деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Б.Сыздықов. Оқиға орнына келген облыс әкімінің орынбасары Жаңабай Бексарының айтуынша, Сазды су қоймасына құятын арнаны қалпына келтіру кезінде саяжайдағы кейбір үйлер сүрілетін болады. Сол кезде ғана жыл сайын қайталанатын көктемгі су тасқынынан сақтануға болады.
Айта кетейік, Сазды саяжай аумағындағы кооператив төрағасы Дүние Әлиев қараусыз қалған көпірді қала әкімі Ілияс Испановтың атымен атауды ұсынды. Бұл көпірдің құрылысы әзірге беймәлім күйінде қалып отыр.
«Сазды су қоймасында су аз. Сондықтан құны 2,7 миллиард теңге болатын су бұру жобасы жасалды. Осылайша, біз жазда Саздыға қажетті суды Ақтөбе су қоймасынан алғымыз келеді. Көпір құрылысын сол жобаға қосып, салуға болады»,- деді Ілияс Испанов.
Еске салсақ, кеше түнде Ақтөбе қаласындағы мал базарға барар жолда су тасып, тұрғындар үйлеріне жете алмай қалды .