Ақтөбелік тұрғын өз кандидатурасын Мәжіліске де, мәслихатқа да тіркеді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарының депутаттығына 686 кандидат тіркелді. Сонымен бірге Парламент Мәжілісінің депутаттығына бір мандатты сайлау округі бойынша 16 кандидат тіркеліп, құжат алды. Бір үміткер өз кандидатурасын Мәжіліске және облыстық мәслихат депутаттығына тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент Мәжілісіне бір мандатты сайлау округі бойынша өңірден 24 кандидат ұсынылды. Оның 22-і өзін-өзі ұсынса, қалған екеуі партиялардан. Тексеру жұмыстарынан соң барлығы 23-і талаптарға сай келсе, біреуі өтпеді. Екі кандидат жазбаша өтініш беріп, өз кандидатурасын кері қайтарып алса, бесеуі тіркеуге қажетті құжаттарын ұсынбады. Яғни, декларация немесе сайлау жарнасы туралы құжаттары тапсырылмаған.

«Соңында барлығы 16 кандидат тіркеуден өтті. Тіркелгендердің алтауы әйел, 10-ы ер адам. Орташа жасы – 54 жас. Ең жасы 32-де, ең үлкені 74-те. Ұлты бойынша - бәрі қазақ. Бір орынға 16 кандидаттан келеді. Оның біреуі ғана сайланады.

Ал Ақтөбе облыстық мәслихатта 34 мандат бар. Оның 17-і партиялық тізім бойынша, өзгесі бір мандаттық аумақтық округ бойынша сайланады. Барлығы 6 партиядан 59 кандидат бар. Әйелдер, жастардың үлесі – 56%. Орташа жасы – 45 жас. Оның 10-ы 29 жасқа дейінгі жастар», - деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов.

Ақтөбе облысы мәслихатының депутаттығына бір мандатты сайлау округі бойынша 85 кандидат ұсынылды. 84-і талапқа сай болып шықты, 6 кандидат жазбаша өтініш беріп, кандидатурасын кері қайтарды. Алтауы қажетті құжатты ұсынбады.

«Барлығы 72 кандидат тіркелді. Ең жасы 24-те, ең үлкені 69 жаста. Бір орынға 4 үміткерден келеді. Ең жоғары бәсекелестік №9 округте болып тұр. Бұл жерде бір орынға 7 кандидат бар. Ал Ақтөбе қаласы мәслихатының депутаттығына 32 округ бойынша 130 кандидат тіркелді. Орта есеппен бір округке 4 кандидаттан келеді. Аудандық мәслихаттарға 139 округ бойынша 425 кандидат тіркелді. Орта есеппен бір округке үш кандидаттан келеді.

Ақтөбеден Парламент Мәжілісіне де, облыс мәслихатының депутаттығына да үміткер ретінде тіркеуден өткен бір кандидат бар. Ол екі жақтан да сайланса, таңдауды өзі жасайды. Мәселен Мәжіліске баратын болып шешсе, облыстық мәслихаттағы сайлау округінде қайта сайлау өткізіледі. Бұрын депутат болып, қайта кандидат болғандар бар. Ал Мәжіліс депутаттығына үміткерлер арасында ондай жоқ», - деді Нұрлыбек Жүсіпов.

Айта кетейік, облыста 562 мыңға жуық сайлаушы бар.