Ақтөбелік волонтерлер гаражда тұрып жатқан өзбекстандық әйелге көмектесті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Anticovid-19» және «Добро» еріктілер тобы гаражда тұрып жатқан Өзбекстан азаматшасын қамқорлығына алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік еріктілерге кезекті хабарлама түсіп, олар гаражда тұрып жатқан өзбекстандық әйелге көмек көрсетті.

«Мекенжайын айтқан соң біз барып, жағдайды өз көзімізбен көрдік. 29 жастағы өзбекстандық үш айдан бері төсек тартып жатыр. Шетел азаматы болғандықтан ол медициналық көмек ала алмаған. Біз әлеуметтік желіге жариялаған соң Ақтөбе медицина орталығының басшылығы хабарласып, ем жүргізуге кірісті. Алдағы уақытта нақты диагноз қойылып, ем қабылдайды. Біз қаржы жинап қойдық. Ауруханадан шыққан соң қажетіне жаратады. Сонымен бірге гигиеналық заттары мен киім-кешегін алып бердік», - деді Екатерина Голотина.

Айта кетейік, еріктілер Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігіне де хабар берді. Алдағы уақытта оның туған-туыстарын іздеуге көмектеседі.

«Дұрыс сөйлей алмайды. Омыртқасына зақым келген, тәбеті жоқ. Тамақ ішсе, бірден құсады. Алдағы уақытта оның жағдайы біздің бақылауымызда болады», - деді Екатерина Голотина.