Бүгін Астана вокзалында «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызының 2016 жылғы миллионыншы жолаушысын салтанатты түрде қарсы алды. Ақтөбе қаласынан үш немересімен елордаға сапарлап келген зейнеткер Қанымай Бекбауова миллионыншы жолаушы атанды.
Оған жыл аяғына дейін «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойыздарында еліміздің кез келген бағытына (10 мәрте) тегін жүруге мүмкіндік беретін сертификат табыс етілді.
«Жалпы жыл басынан бері отандық пойыздар 10 миллион адам тасымалдады. Оның ішінде «Тұлпар-Тальго» пойыздарын пайдаланға н адамдардың саны күрт өсіп 1 миллионнан асты. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 2,1 есе артық. Мәселен, былтыр жыл бойы жүрдек пойыздар 1 млн астам жолаушы тасыса, аталған көрсеткіш биыл бар-жоғы алты айда орындалып отыр», делінген хабарламада.
Қазір «Тұлпар-Тальго» пойыздарында көп балалы аналарға, соғыс ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға, студент жастарға және т.б. жеңілдік беретін дисконттық карталар бар. Демек жүрдек пойыздар әртүрлі әлеуметтік топтар үшін қолжетімді болып отыр.
Бүгінде елімізде жүрдек пойыздар 12 бағытта қатынайды, ал 2020 жылға дейін тағы да 8 бағыт қосылады деп жоспарлануда. Биыл кең кузовты жаңа вагондардан тұратын жаңа пойыздар «Астана-Алматы» және «Алматы-Шымкент» бағыттары бойынша жолға шығады. Бұл аталған бағыттар бойынша күніне екі мәрте «Тұлпар-Тальго» пойыздары жүреді деген сөз.
Жыл аяғына дейін«Тұлпар-Тальго» жүрдек пойыздарымен 2 млн астам жолаушылар тасымалдау көзделіп отыр.