Ақтөбеліктер мал ұрлағандардың аты-жөні мен фотосын іліп қоюды талап етті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Мал ұрлығынан мезі болған ақтөбеліктер олардың аты-жөні мен фотосын полиция бөлімшесіне ілу жөнінде ұсыныс тастады. Енді әр ауыл мен аудандағы полиция бөлімшесінде төрт түлікті ұрлап, оны сатып жіберетіндердің бұрышы жасалатын болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Қысы-жазы малын бағып, жем-шөбін дайындап отырған ақтөбеліктер ұрлықтан шаршаған. Енді олар төрт түлікке ауыз салғандардың аты-жөні мен түр-тұлғасын біліп жүруді қалайды.

«Ақтөбе қаласындағы автобустарда қалтаға түсіп, телефон мен ақша ұрлайтындардың фотосы ілулі тұр. Тіпті, облыстық ішкі істер департаментінің телефоны мен мекенжайы жазылған. Сол әдісті мал ұрлығымен ұсталғандарға да пайдалану қажет. Біз ұрлықшының ауылдан, қаладан, басқа өңірден келіп жүргенін білгіміз келеді. Тіпті, көршіміз шығар. Учаскелік инспекторға айтып едік, «құқығымыз жоқ, болмайды» деп шығарып салды»,- деді Ақтөбе қаласы, Сазды ауылының тұрғыны Әбубәкір Мұңайтпасов.

Ауыл тұрғынының бұл ұсынысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың көңілінен шықты. Бұдан былай әр учаскелік инспектордың бөлімшесінде мал ұрлығымен ұсталып, жазаланғандардың аты-жөні мен фотосы ілулі тұратын болды.

«Ілу қажет. Халық дұрыс айтады. Бұл қиын жұмыс емес, орындаңыздар»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, егер ұрлықшының тегі белгілі болса, сақтық шаралары күшейеді. Олар «осы арқылы мал ұрлығы дерегі азаяды» деп отыр. 

 

Алтынай Сағындықова