Ақтөбеліктер жол салуға әкімдіктің ақшасы жоқ деген жазуды көшеге іліп қойды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі Көктем көшесінде 30 жылға жуық уақыттан бері тұратын Вячеслав Медведев «Бұл көшеге әкімдіктің ақшасы жоқ» деп жазып, тақшайшаны бағанаға іліп қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Вячеслав Медведев Көктем көшесіне 1989 жылы көшіп келген. Содан бері бұл көшеде жөндеу жұмысы жүргізілгенін көрген емес. Көктем мен күзде балшығы езіліп, адам жүруге мұң болған шақта көліктер де батпаққа батып қалады екен. Амалы таусылған қала тұрғыны «Бұл көшеге әкімдіктің ақшасы жоқ» деп тақтайшаға жазып, оны электр бағанына шегелеп қойды.

«Жол сұрап әкімдікке арыз жазып, біз жауабын алдық. Енді осы жолмен жүрген кез келген адам сол әкімдіктің жауабын көретін болады. Олар бізге «Бұл көшені жөндеуге әкімдіктің ақшасы жоқ» деп жауап берген еді. Жыл сайын көлік қозғалысы көп жолдар жөнделіп, қалпына келтіріледі. Ал қосалқы көшелер сол күйі өзгеріссіз қала береді. Кейде өз күшімізбен апандай шұңқырларды бітегендей боламыз. Бірақ қарапайым адамда көп ақша жоқ ғой. Осы жазбадан кейін біз туралы естіп, Көктем деген көшенің бар екенін білетін болды»,- деді қала тұрғыны В.Медведев.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласындағы жолдарды жөндеуге биыл бюджеттен 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Қаржыға 34 көше жөнделетін болды. Бірақ бұл тізімде ел аузында жүрген Көктем көшесі жоқ. 

«Өткен жылы қаладағы көшелерге қиыршық тас төсеу жұмысы басталды. Биыл бұл іс жалғасады. Барлығы 20 көшеге тас төсейміз. Оның ішінде Көктем көшесі де бар. Бюджеттік өтінім беріп, қиыршық тас төсеу жұмысы айдың аяғына дейін шешімін табады»,- деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Төреғали.