Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайында 130 мыңнан астам тарихи жәдігер бар. Негізгі ғимарат апаттық жағдайда деп танылуына байланысты жабылған соң, соңғы екі жылда «Музейдегі түн» акциясы Өнер мұражайының ғимараты мен далада өтіп жүр. Көрме-жәрмеңкеге жіті дайындалған жауапты мамандар келушілерді Ақтөбенің тарихымен, мәдениетімен, өнері және салт-дәстүрімен таныстырды. Көрмеге жәдігерлердің түпнұсқалары әкелінген. Мәселен, облыстық музейдегі табиғат қорында 5 мыңнан астам жәдігер болса, көрмеге палеонтология қазбалары кезінде табылған, тасқа айналған жануарлардың тісі, сүйегі жеткізілді.
«Ақтөбе жеріндегі палеонтология қазба байлықтарын халыққа ұсынып, көне дәуірде су астында тіршілік еткен жан-жануарлардың қалдықтарын әкелдік. Ертеде тіршілік еткен акулалардың азу тістері, теңіз кірпісі, ұлу тастар, алып кесірткелердің омыртқа сүйектері көрсетілді. Алға ауданынан табылған ұлу тас көпшілікке таныстырылды. Негізі бізде диаметрі 2 метрге жететін ұлутас бар. Сонымен қатар, 40 миллион жыл бұрын біздің жерімізде мекен еткен индрикотерий жануарының макеті бар. Бұл Ырғыз жерінен табылған жануар. Салмағы 15-20 тоннаға жетіп, биіктігі екі қабатты үймен тең келген. 1912 жылы табылған бұл жануардың тасқа айналған қаңқасы Мәскеуге жіберіліп, сол жақта сақтауға қалдырылған. Алып бұғы мүйізі де көрмені тамашалауға келгендерді қызықтырды. Мүйіз Елек өзені жағалауынан 1949 жылы табылды»,- деді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының табиғат және экология зерттеу бөлімінің қызметкері Майра Бұқанова.
Акция кезінде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мұражайы жәдігерлерді таныстырды. Қорда 10 мыңға жуық экспонат бар болса, көрмеге оның тең жартысы шығарылды. «Соғыс жаңғырығы» атты көрмеге қару-жарақ пен тұрмыстық заттар қойылды.
«Көрмені тамашалауға келген ақтөбеліктерге соғыс жылдарындағы хаттардан үзінді көшірмесі берілді. Арасында Әлия Молдағұлованың да хаттары бар.
«Соғыс тарихындағы сандар» бөлімінде тарихи деректер жазылған»,- деді Әлия Молдағұлова музейіндегі қор бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Тұралиева.
Ал «Руханият» музейі қаладағы көне мешіттердің суреттерін іліп, мешіт қызметкерлері балалардың аты-жөндерін араб тілінде жазып берді. Биылғы «Музей түні» акциясының бір ерекшелігі бар идея атақты Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығына орай топтастырылған. «ХІХ-ХХ ғасырлардағы жәдігерлер арасында Туладан келген самаурын, шығыстан жеткен түкті кілемдер көпшілікке таныстырылды. Музей қызметкерлері рөлге еніп, жәрмеңке келушілеріне өз заттарын ұсынды. Негізі Көкжар жәрмеңкесінде аң, соның ішінде пілге дейін сатылған деген деректер бар. Бұл тек сауда алаңы емес, мәдениет ошағы болды. Маусымда және қыркүйекте өтетін жәрмеңкенің бір сәтін көрсету кезінде жергілікті әншілер ағаш үйдің макетінде ән айтып, күй тартты»,- деді облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Айнұр Мақсатқызы.