Ақтөбе облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтегенннің айтуынша, арнайы бағдарламалық кешеннің көмегімен 3 миллион теңге қарызы бар Lexus автокөлігі анықталды. Шетелдік есепте тұрған көлік иесі полиция таба алмайды деп ойласа керек, 119 рет ереже бұзды. Бұл заңсыздық “Қорғау” жүйесі арқылы анықталған.
- Жол ережесін бұзушы Ақтөбе қаласының 35 жастағы тұрғыны екені белгілі болды. Ол жылдамдық режимін асырған. Айыппұлдың жалпы сомасы 3 миллион 378 мың теңгені құрады. Қазіргі уақытта көлік арнайы автотұраққа қойылды. Жолдардағы жауапсыздық көбінесе қайғылы оқиғаларға әкеледі. Жүргізушілер бұл туралы ойлануы керек. Көптеген шетелдік көлік жүргізушілері жазадан құтыламыз деп үміттенеді, бірақ олай емес. Полиция қызметкерлері мұндай жүргізушілерді тауып, жауапқа тартады,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтеген.
Айта кетейік, облыс орталығының көшелерінде жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін камералар орнатылған. Жыл басынан бері камералардың көмегімен жылдамдық режимін асырудың 77 мыңнан астам фактісін тіркеді.