Ақтөбелік ғалымдар радиацияның кристалдарға әсерін анықтайтын құрылғы ойлап тапты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Радиацияның кристалға қалай әсер ететінін анықтау үшін құрылғы мен оған жалғанған ноутбук болса жеткілікті. Қазақстанда баламасы жоқ құрылғы жылдамдығы көз ілестірмес сәулені қалт жібермейді.

Фото: Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары бүгін жаңа құрылғыны таныстырды. Бірнеше жылға созылған зерттеу жұмысы өз нәтижесін бере бастады. Әрі Астана қаласындағы Ядролық физика институтының ДЦ-60 үдеткішінде сынақтан өтті. Кристалдар сәулелену әсерінен өте әлсіз жарық шығарады. Ғалымдар осы жарықты өлшеу арқылы радиацияның материалдарға әсерін зерттейді.

- Қазіргі құрылғының салмағы бар болғаны үш келі. Ал бұған дейін орнынан жылжымайтын үлкен құрылғы қолданылды. Үлкен құрылғыны іске қосу, өлшеу көп уақытты талап етсе, қуатты әрі мобильді құрылғы сәулені жоғары жылдамдықпен өлшейді. Енді қол жетпейтін жерге барып, сәулені тіркей аламыз. Беларусь, Жапониядан қосылқы бөлшектерді сатып алып, жинап, жаңа жүйені ұсынып отырмыз. Тіпті Еуропаға да ұсына аламыз, - деді физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Шүңкеев.

Фото: Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Материалдардың радиациялық физикасы» ғылыми орталығының директоры Қуанышбек Шүңкеев бұл ғылыми жобаның сәтті іске асуы жылдар бойы тынымсыз еңбектің нәтижесі деп біледі. Ескі аппараттың «жүрегін» қолданып, жаңасын жасады. Әр бөлшегін жаңа жүйеге енгізу үшін топ болып еңбек етті.

- Жаңа құрылғы бір спектрді әрі кеткенде 1 минут өлшейді. Ескі құрылғы 20-30 минутты қажет етеді. Жарты сағат ішінде өлшеп жатқан сигналымыз жоқ болып кетуі мүмкін. Енді физикалық параметрі қуатты аппарат бұл олқылықтың орнын толтырды. Далаға шығып, Күн спектрін лезде өлшеуге болады. Болашақта радиацияны анықтайтын датчиктерді, сәулелену мөлшерін өлшейтін құрылғыларды және арнайы материалдарды жетілдіруге негіз болады деп сенеміз, - деді ғалым. 

Айта кетейік, Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы арқылы ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін (ҒҒТҚН) коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру тетігін іске асырып келеді. Тетік аясында 386 жоба қолдау тапты, оларды іске асыруға 90,8 млрд теңге гранттық қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта 291 жоба нарықта өнім өткізуде, оның ішінде 30 жоба экспортқа шықты. https://kaz.inform.kz/news/elde-gilimi-zhobalardi-karzhilandiru-kanday-natizhe-berd-22b0ee4f