Ақтөбе қаласы № 3 сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 68 жастағы зейнеткер ұлынан алимент өндіру үшін сотқа арыз түсірді. Талап қоюшы денсаулығының нашарлағанын, күрделі ота жасатуға мүмкіндігі жоқ екенін айтып, алимент өндіруді сұрады. ҚР Неке және отбасы туралы кодексінің 145-бабы 1 және 2 тармақтарына сәйкес, еңбекке жарамды адам өз ата-анасын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті.
— Сотта татуластыру рәсімі өтіп, тараптар дауды бітіммен аяқтауға шешім қабылдады. Бітімгершілік келісімге сәйкес, жауапкер өзінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз анасына ай сайын 41 АЕК, яғни, 151 372 теңге мөлшерінде алимент төлейді. Соттың ұйғарымымен келісім бекітіліп, азаматтық іс тоқтатылды, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы № 3 сотының баспасөз қызметі.