Ақтөбеліктер азық-түлікке қанша ақша жұмсайды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Биыл облыста жан басына шаққандағы орташа табыс тоқсанына 365 342 теңгені болды. Тұрғындар тұтыну шығысының 59,7 пайызын азық-түлікке жұмсайды.

Фото: Ұлттық статистика бюросы

Биыл екінші тоқсанда ақтөбеліктердің орташа жалақысы 440 520 теңге болды. Ал жан басына шаққандағы орташа табыс тоқсанына 365 342 теңгені деп есептелді. Статист мамандардың хабарлауынша, табыстың негізгі көзі — еңбекақы. 73,3 пайызы жалақыға тиесілі болып тұр. Сонымен бірге мемлекеттік төлемдер де әлеуметтік қолдаудың маңызды бөлігіне айналған.

— Екінші тоқсанда Ақтөбе облысы тұрғындарының жан басына шаққандағы орташа шығысы тоқсанына — 310 882 теңге. Оның ішінде 271 138 теңге немесе 87,2 пайызы тұтыну шығысына тиесілі. Бұған азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды сатып алу, сондай-ақ ақылы қызметтерге жұмсалатын қаражат кіреді. Тарқатып айтар болсақ, тұтыну шығыстарының 59,7 пайызы азық-түлік тауарларына тиесілі. Сонымен қатар ұсынылған деректер бойынша тамақ өнімдері мен алкогольсіз сусындарға жұмсалатын шығыстардың үлесі 58,3 пайыз. Республика бойынша орташа көрсеткіш — 53,6 пайыз, — деді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облыстық департамент басшысы Айбек Ғалымжанов.

Тұрғындар табысының көбіне азық-түлік сатып алады. Соған қарамастан ақтөбеліктер өзге өңірге қарағанда етті аз жейді.

— Облыста ет және ет өнімдерін тұтыну жан басына шаққанда тоқсанына 18,5 келі болып тұр. Бұл республикадағы орташа көрсеткіштен төмен. Республикадағы орташа көрсеткіш — 21,6 келі. Сондай-ақ бірқатар солтүстік өңірлердегі 24–25 келі болып тұр. Демек азық-түлікке жұмсалатын шығыстардың үлесі жоғары болғанымен, етті тұтыну көлемі салыстырмалы түрде төмен. Сонымен бірге жеміс-жидек пен көкөністі тұтыну көрсеткіші республикадағы орташа көрсеткіштен төмен. Ал сүт және сүт өнімдерін тұтыну деңгейі жоғары, — деді Айбек Ғалымжанов.

Айта кетейік, отбасының табысы, баспанасы мен несиесі санатына қалай әсер етеді.