Ақтөбеліктер Қала күнін жарқын көңіл күймен әрі ерекше ықыласпен тойлады

АҚТӨБЕ.KAZINFORM – Тіпті нөсер жауын да мерекелік көңіл күйге кедергі бола алмады.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

28 мамыр күні Ақтөбе өзінің 157 жылдығын атап өтті. «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы маңында өткен мерекелік концертке облыс орталығының мыңдаған тұрғыны мен қонағы жиналды. Кеш бастала салысымен қалада жаңбыр жауғанымен, бұл ақтөбеліктердің мерекелік көңілін түсіре алмады. Қолшатырларын аша салып, жұрт алаңнан тарқамай, концерттік бағдарламаны тамашалауды жалғастырды.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, сахна төрінен махаббат, туған өлке мен Ақтөбе туралы әсем әндер шырқалды. Көрермендер әншілерге қосылып ән айтып, телефонға түсіріп, әрбір орындаушыны ыстық ықыласпен, зор қошеметпен қарсы алды.

Іс-шараға облыс әкімі Асхат Шахаров та қатысты. Ол қала тұрғындарымен бірге басты алаңда болып, туған Ақтөбенің мерекелік атмосферасын бірге сезінді.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Кеш бағдарламасын жүргізушілер Айбат, Рахат және Лунара ашып, тұрғындарды сүйікті қаланың туған күнімен құттықтады. Одан кейін көрермен назарына Ақтөбенің тарихы, елге еңбегі сіңген тұлғалары мен туған жердің даңқын асқақтатқан азаматтары туралы арнайы фильм ұсынылды.

Концерттік бағдарлама жас эстрада әншілерінің өнерімен жалғасты. Сахнаға «Ақтөбе дауысы – 2026» қалалық байқауының жеңімпаздары шығып, шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар әсерлі музыкалық нөмірлерін ұсынды.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Көрермендер «Тамсан» тобының «Ақтөбем» әнін, Қуанышбек Қайратұлының «Түнгі қала» композициясын, Сабина Панабаеваның «Ғашық болу» әнін, Ақбота Қоянбайқызының «Сенің жанында» шығармасын және өзге де өнерпаздардың өнерін зор ықыласпен қабылдады. Әрбір орындаушы көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Көрермендер қазақстандық эстраданың танымал жұлдыздары – Bayansulu, Еркеш Хасен, Qanay, Қазыбек Құрайыш, Ерке Есмахан және RaiM өнер көрсеткен сәтте әсерге бөленді. Сахнадан әншілердің көпшілік сүйіп тыңдайтын хит әндері мен танымал композициялары орындалды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ақтөбеліктер концерт соңына дейін алаңнан кетпей, би билеп, әнге қосылып, мерекенің жарқын сәттерін естелікке түсіріп жатты.

Ал мерекелік отшашу кештің жарқын қорытындысы болып, Ақтөбе аспанын әсемдей түсті.