Ақтөбеліктер үшін бірыңғай уақыт белдеуінің тиімді тұсы қандай

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев Ақтөбеде бірыңғай уақыт белдеуінің тиімді тұсын айтып берді.

Фото: pexels.com

1-наурыздан бастап елімізде бірыңай уақыт белдеуі болады. Қазақстанның барлық аймағы UTC 5 белдеуіне көшеді. ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев, ғалым, биотехнолог Әмір Қуат ақтөбелік депутаттармен кездесіп, мән-маңызын түсіндірді.

– Үкімет маңызды шешім қабылдады. Бұл еліміз үшін тарихи кез деп те айтуға болады. Қазіргі кезде біз түсіндіру жұмысын жүргізуді жөн көрдік. Негізін жобалаған Сауда және интеграция министрлігі екенін білесіздер. Техникалық реттеу және метрология комитеті. Метрология институты уақыт эталонын да зерттеп, зерделейді. Біз еліміздің бес өңірінен барамыз. Алдымен Ақтөбеге келіп отырмыз. Алматы, Жамбыл, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарын аралап, түсіндіреміз. Ал Ақтөбеден бастау себебі – бұл еліміздің батысында орналасқан өңір. Екіншіден, Астана батыстың уақыт белдеуіне ауысады. Коммуникация, бизнес, мемлекетті басқару жүйесінде оң өзгерістер болады. Ақтөбеліктер Астанамен, еліміздің өзге аймағымен байланысқанда уақыт айырмашылығы қиындық туғызатын еді. Мәселен, Астанада 9:00-де жиналыс басталса, кейде ақтөбеліктер үшін ерте қамдануға туралы келеді,- деді ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.

Жиында уақыт белдеуінің адам денсаулығына әсері де айтылды.

– UTC 6-да тұрып жатқан соң адамның түн ұйқысы бір сағатқа кеміп отыр. Адам ағзасындағы регенерация дұрыс жұмыс істемей, елімізде онкологиялық ауру, инфаркт, инсульт көбейіп кетті. Тіпті елде суицид өсіп кетті,- деді ғалым, биотехнолог Әмір Қуат. Ал М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Әсет Қалиевтің айтуынша, жаңа уақыт белдеуіне балаларды бірден емес, біртінден дайындау керек.

– Баланы ұйқыға алдымен 15 минут бұрын жатқызған жөн. Кейін 30 минут, 45 минут және сағатқа ауыстыру қажет. Қазірден біртіндеп көшуге дайындау керек. Осылайша кезең-кезеңімен бейімделуге болады,- деді Әсет Қалиев.