Ақтөбенің Алға ауданына 7 сағаттан соң жарық берілді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Алға ауданында электр стансасы өртеніп, таңертең 8 мыңға жуық абонемент жарықсыз қалды. Арада 7 сағат өткенде электр тогы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алға ауданының орталығында электр стансасы өртеніп, оқиға орнына 18 құтқарушы мен 4 көлік жіберілді. Өрт сөндірушілер көбік шашып, станса ішіндегі 20 тонна майдың жанып кетпеуін қамтамасыз еткен.

Өрттің жалпы ауданы 50 шаршы метрді құрады. Кейін Алға қаласы мен 7 ауылдың жарықсыз, сусыз қалғаны белгілі болды. Жұмыс тобы негізгі стансаның жанындағы резервтік трасформаторды қосуға күш салды. Нәтижесінде арада 7 сағаттан астам уақыт өткенде қала мен ауылдарға электр тогы берілді.

«Алға қаласындағы трансформатор 1967 жылы қолданысқа берілген. Оны жыл сайын тексеріп, бақылаудан өткізіп отыр. Өрттен соң 7485 абонент, оған қоса 334 заңды тұлға жарықсыз қалды. Барлығы - 7819 абонент. Олар: Алға қаласы, Бестамақ, Бесқоспа, Тоқмансай, Тамды, Қарабұлақ, Сарыхобда, Қарахобда ауылдық округтері», - деді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ержан Байтанаев.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертаевтің айтуынша, жалпы 8 мыңға жуық абонент, яғни, 30 мың адам жарықсыз қалған. Тек әлеуметтік нысандарға генератор шұғыл қосылды.