«Ақтөбе» телеарнасының «Ақпараттық сағат» бағдарламасында бүгін азық-түлік қауіпсіздігі, баға мониторингі туралы сөз болды. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, өңірде тауар өндірушілерді қолдау, азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін айналымға 1 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржының көбі нан өндіруші компанияларға үлестірілді. Арнайы комиссия шешімінен соң сүт өнімдері (сүт, айран, сүзбе), макарон өнімдері, жұмыртқа, ұнға бағаны тұрақтандыру жоспарланып отыр. «Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің өз тізімі бар. Мәселен, майлылығы 2,5% болатын сүт бағасы ғана бақылауда. Қорабы да жұмсақ болуы керек. Жергілікті тауар өндірушілерде сүттің литрі 245 теңгеге болып тұр қазір. Тұрғындарға сүт және сүт өнімдерінің барлығына емес, арнайы түрлерінің бағасы ғана бақылауда болатынын ескертеміз», - деді Нұрхан Тілеумұратов. Оның айтуынша, облыстағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық аудан мен қалада мониторинг тобы жұмыс істейді. Мәселен, қала бойынша облыстық кәсіпкерлік басқармасы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен Ақтөбе қаласының Алматы және Астана аудандарының әкімдіктерінің қызметкерлері күн сайын азық-түлік дүкендерін аралайды.
«Арнайы монторинг тобы күн сайын Ақтөбе қаласы мен аудандардағы жағдайды бақылайды. Басты мақсаты – әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын қарау, тұрақты болуын қамтамасыз ету. Қаладағы екі ірі сауда желісінде ешқандай да заң бұзушылық тіркелмеді. Олар әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, тізімдегі азық-түліктің бағасына 15% емес, 5% үстемақыны қосып сатып отыр. Қазір Ақтөбе облысында 19 түрлі әлеуметтік азық-түліктің 17-і бойынша баға республикалық көрсеткіштен төмен», - деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов.
Ақтөбе облысында сүт өңдейтін 4 цех бар. Олардың жалпы қуаттылығы 44,9 мың тоннаны құрайды. Ет өңдейдің 14 кәсіпорын жұмыс істейді. Жалпы қуаттылығы 43,9 тонна болып тұр. 2025 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласында 315 млрд теңгені құрайтын 75 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Биыл мал бордақылау алаңы салынады. Тауарлы-сүт фермасы да бой көтереді.
«Өсімдік майын өндіретін зауыт бар. Оған қосымша тағы бір компания былтыр жұмысын бастады. Бұл Ақтөбе облысының ішкі нарығын өсімдік майымен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жобалар», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағамбетов.