Ақтөбенің барлық аудандарында дене шынықтыру – сауықтыру кешені салынып жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеның аудандарында дене шынықтыру – сауықтыру кешендері салынып жатыр. Сонымен қатар шалғай ауылдарда шағын спорт алаңының құрылысы жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы Триатлон саябағында Спорт күні өтті. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жиналғандарды құттықтады.

«Қазіргі уақытта спорт қызметкерлеріне, жалпы салаға айрықша көңіл бөлініп келеді. Өңірдің барлық ауданында, шалғай жатқан ауылдарға дейін түрлі бағыттағы көптеген заманауи спорт нысандары қолға алынып, қарапайым спорт алаңдары салынып жатыр. Биылдың өзінде Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешені, футбол академиясының құрлысы, үстел теннисі орталығы секілді ірі жобалар, 5 дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені, 60-тың үстінде спорт алаңдары бой көтереді деп жоспарлап отырмыз.

Спортшыларымыз кешенді ойындарда әжептәуір өнер көрсетіп, түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлдеге ие болды. Келесі жыл - Париж Олимпиадасына дайындық жылы. Біз ақтөбелік спортшыларға сенеміз және үлкен үміт артамыз»,- деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Триатлон паркінің алаңында Әлем, Азия және Қазақстан чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Олимпиада және Сурдлимпиада ойындарының қатысушылары сынды танымал спортшылар өнер көрсетті. ҚР дене шынықтыру және спорт саласының еңбек сіңірген қызметкерлері, ҚР Құрметті қайраткерлері, біртуар спортшылар, белсенді азаматтар мен дене шынықтыру және спорт саласының қызметкерлері марапатталды. Ақтөбеліктер үшін гроссмейстерлермен бір мезгілде шахмат сеанстары, би батлдары, баскетбол, шәйнек көтеру, қол күресі, гір көтеруден жарыстар ұйымдастырылды.

Триатлон паркіне келген ең жас ақтөбеліктерді дзюдо, еркін және грек-рим күресі, самбо, қазақша күрес, джиу-джитсу және басқа да спорт түрлерінен көрсеткен көрсетілімдері ерекше қуантты.