Ақтөбе облысы бойынша 349 мыңға жуық адам вакцинаның бірінші, ал 323 мыңнан астамы екі компонентін де қабылдады. Бұл иммундау шарасына қатысуы тиіс тұрғындар санының 61 % құрайды. Бүгін өңірде ревакцинациялау басталды. Алдымен мұғалім, құқық қорғау қызметкерлері мен ақ халаттылар тартылады. Сонымен бірге жасы 60-тан асқан, иммунитеті төмен санатқа жататын адамдар да алғашқы топпен вакцина салдыра алады.
«Мен өзім 1 ақпан күні вакцинаның бірінші дозасын қабылдадым. Ол кезде Спутник-V вакцинасын болды. 21 күннен соң екінші компонентін салдырдым. Содан бері 9 ай өтті. Бүгін еліміз бойынша ревакцинация басталып, өзім алғашқылардың бірі болып салдырдым. Vero Cell вакцинасын қабылдадым. Қан қысымымды, сатурацияны өлшеді. 30 минут бақылауда болып, әрі қарай жұмысымды жалғастыра беремін», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев. Оның айтуынша, қарапайым тұрғындар 1 қаңтардан бастап ревакцинациялауға қатысады.