Ақтөбе қаласының Мағаджан, Ақшат және Қобда ауданының Терісаққан ауылында фельдшерлік-акушерлік бекет, ал Қобда ауданының Бестау ауылында медициналық бекет ашылды. Астана қаласының 20 жылдығына орай ашылған медициналық мекеме Ақшат ауылының 800 тұрғынына ем көрсетеді.
«Ауыл күн санап өсіп, жаңа медициналық мекемеге қажеттілік артты. Жаңа фельдшерлік-акушерлік бекетте қажетті жабдықтардың бәрі бар. Мұнда жалпы тәжірибелі дәрігер, медбике, санитар маман болады. Алдағы уақытта дәрігерлердің саны артып, ауыл тұрғындарына ем жүргізу ауқымы кеңейеді. Күндізгі стационарда бірнеше кереует бар. Екпе алып, дәрігердің тұрақты бақылауында болуды қалайтын науқастарға жағдай жасалды»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Қаланың Мағаджан ауылында да жайлы фельдшерлік-акушерлік бекет ашылды. Заманауи медицина бекеті науқастар үшін жайлы. Бекет ішінде кардиограммаға түсіп, қан тапсырып, адам бойындағы қант құрамын тексеруге болады.
«Мағаджан ауылындағы медциналық мекемеде Заречный-1, 2, 3 елдімекендерінің тұрғындары алғашқы көмек ала алады. Сонымен қатар, жүкті әйелдер есепке алынып, үнемі бақылауда болады. Балаларға екпе жасатуға да мүмкіндік бар. Гинекологиялық кабинеті толық жабдықталған. Алдағы уақытта шағын медициналық мекемелер мен көпсалалы емханаларды байланыстырып, онлайн режимде кеңес беру қарастырылады. Бұл науқасқа дәл және тез диагноз қоюға мүмкіндік береді»,- деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ауыл тұрғындар бұрын бір бөлме ішінде барлық емді қабылдаса, енді олар әр дәрігердің өз кабинетіне барып, дертіне дауа іздейді.
«Бір бөлмеде от жағады, сол жерде ем жүргізді. Ал жаңа медициналық бекет өте кең, жайлы. Үнемі дәрігер бақылауында отырған адамдар үшін жайлылық қарастырылған»,- деді ауыл тұрғыны Ботагөз Құрманбаева.