Ақтөбенің үздік студенттері облыс әкімінің арнаулы стипендиясын алды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 177 студентке облыс әкімінің арнаулы сыйлығы тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқуда үздік, қоғамдық жұмыстарға, мәдени және спорттық шараларға белсене қатысып жүрген жастар бүгін 80-160 мың теңге көлемінде стипендия алды. Ақылы оқу орындарының студенттері үшін бұл үлкен қолдау, ата-анаға көмек.

«Өзім көпбалалы отбасының қызымын. Ал баланың тұңғышымын, менен кейінгі іні-сіңлілерім мектепте білім алады. Анам бала күтімімен үйде, отбасында тек әкеміз жұмыс істейді. Сондықтан арнаулы стипендия біз үшін көмек, қолдау болды. Өзім оқуды аяқтаған соң мектепте мұғалім болуды армандаймын. Үйде кішкентайлардың бәрін өзім оқытып, сабақтарын бақылаймын», - деді Ақтөбе гуманитарлық колледжінің 2-курс студенті Жанар Орынбава.

Ал Ақілгек Мырзабай Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде білім алады. Болашақ стоматолог алдымен медициналық колледжді бітіріп, жұмыс істеген. Кейін университетте білімін жетілдіруді жөн санады.

«Университетте оқу ақысы 700 мың теңге. Оқу үлгерімім жақсы, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан соң стипендия маған бұйырды. Ата-анам Байғанин ауданы, Бұлақтыкөл ауылында тұрады», - деді студент Ақілгек Мырзабай.

Жастармен кездесуге облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, өңірде жас ғалымдардың артқанын атап өтті.

«Елбасының тапсырмасымен Жастар жылы деп жарияланып, жұмыс атқарылып жатыр. Жастардың бастамасын қолдау мақсатында стипендия тағайындалған болатын. Жастар белсенді, сол үшін алғыс айтамыз. Негізі биыл жоғары оқу орындарынан 200-ге жуық, арнаулы орта оқу орындарынан 100-ге жуық жұмыс түсті. Жастар арасында ғылыммен, кәсіппен айналысуды жөн көргендері де бар», - деді өңір басшысы Оңдасын Оразалин.

ЖОО-ның - 137, арнаулы орта оқу орнының 40 студенті бүгін стипендия алды. Оларды іріктеуге қоғамдық ұйымдар да қатысты.