Ақтөбенің жол полицейлері бір аптаның ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың шамамен 2 700 оқиғасын анықтады

АҚТӨБЕ. 2 сәуір. ҚазАқпарат - 26 наурыздан 2 сәуірге дейін Ақтөбе облысы бойынша жол полициясының қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2 668 фактісін анықтады.

Облыста бір аптаның ішінде болған 8 жол-көлік оқиғасында 11 адам зардап шекті. Жол полициясының қызметкерлері сондай-ақ 6 қылмысты ашты, соның ішінде 3 қарақшылық, 1 бұзақылық, 1 ұрлық болды. «Жаяу жүргінші» жедел-алдын алу шарасының барысында жол қозғалысы ережелерінің 1 503 заңбұзушылығы анықталды, соның 543-ін жаяу жүргіншілердің өздері жасады.

Сондай-ақ, 29 наурызда полиция қызметкерлері Қарғалы ауылындағы бірқатар тонауларға қатысы бар екі ұрыны «суымаған іздермен» ұстады. Полицияға дүкеннің күзетшісі келіп, түнде белгісіз біреулер дүкенге кірмекші болғанын айтты. Нәтижесінде 20-21 жастағы екі жас азамат іздері суымай қолға түсті. Тексеру барысында олардың Қарғалы аулындағы ұқсас тонауларға қатыстылығы анықталды. Барлық фактілер бойынша «Ұрлық» бабымен қылмыстық істер қозғалды.