Ақтөбенің 30 ауылында халық саны елуге де жетпейді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Соған қарамастан тұрғындарды жаппай көшіру немесе ауылды тарату жоспары жоқ. Жергілікті әкімдік шағын ауылдарды тірек елді мекендерге бекіткен. Бұл туралы Kazinform сауалына Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жауап берді.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде облыс халқының саны 960 мыңға жуықтады. Оның 733 мыңнан астамы, яғни 76,5% қалада тұрады. Ал ауыл тұрғындарының саны — 225 мың адам (23,5%).

2025 жылы облыста халық саны 50 адамнан аз 30 ауыл тіркелген. Ауылды таратпай ұстап тұру үшін тірек ауылдарға бекітті.

— Ауылдық елді мекендердің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайына мониторинг жүргізіледі. Халық саны аз елді мекендердің даму перспективалары олардың демографиялық ахуалы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, экономикалық белсенділігі, көлік қолжетімділігі және басқа да факторларды ескеріле отырып қарастырылады. Қазіргі уақытта аталған елді мекендердің тұрғындарын жаппай көшіру немесе оларды тарату жөнінде бекітілген жоспар жоқ. Әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі жақын орналасқан тірек, шекара маңы ауылдық елді мекендердің әлеуетін пайдалану арқылы қамтамасыз етіледі. Жалпы облыста жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат ауылдық елді мекендерді таратуға емес, ауылдық аумақтардың әлеуетін тиімді пайдалануға, тірек елді мекендерді дамытуға және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған, — деп хабарлады Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы.

Тағы бір дерек, облыста 400-ден астам мектеп болса, онда 194 мың бала білім алады. Білім ордасының тең жартысына жуығы шағын жинақты мектеп. 2024 жылы мұнда 13 700 бала оқыды (2022 жылы — 14,5 мың оқушы, 2023 жылы 13,8 мың оқушы — ред.). Мектептерді сақтап қалу үшін былтыр 61 ауылға 115 отбасы қаладан қоныс аударып, баспанамен қамтылды