Ақтөбенің шалғай ауылында газ құбыры жанып, көгілдір отын беру тоқтатылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылында газ құбыры жанды. Қазір қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр.

Фото: видеодан алынған кадр

Оқиға бүгін сағат 17:15–те болған.

Ойыл ауданы Ш. Берсиев ауылдық округінің Қаратал ауылында газ құбыры жанды.

— Оқиға орнына Ойыл аудандық № 18 өрт сөндіру бөлімінен бір арнайы өрт сөндіруші техника және жеке құрамнан 5 өрт сөндіруші барды. Өрт Қаратал ауылына тартылған газ құбырын жабу арқылы сөндірілді. Қазіргі таңда Ойыл газ шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері Қаратал ауылына газ қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр, — деп хабарлады аудан әкімдігі. 

Әзірге оттың қалай тұтанғаны белгісіз.

Айта кетейік, Қаратал ауылында 203 түтін, яғни, 1182 тұрғын бар.