Ақтөбенің су басқан шалғай ауылында әлі күнге дейін құрылыс басталмады, халық наразы

Фото: Фото: видеодан алынған кадр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ырғыз ауданы Нұра ауылында әлі күнге дейін құрылыс жұмысы басталған жоқ. Ауылды жаңа орынға көшіру кезінде құжаттарды реттеуге уақыт қажет болған.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында су тасқынына қарсы күрес жұмысы ұзаққа созылды. Қазіргі күні Нұра ауылындағы 117 үйдің 22-інде ғана су тартылды.

Өзгесі екі айдан бері суда тұр.  

Бұл аудандағы су деңгейі 3 метрге дейін жетіп, тұрғындарды жаңа жерге көшіру шешімі қабылданды.

Келісім бойынша бұл ауыл енді Сарыоба жерінде салынады. 

Бүгін сол ауылдың тұрғындары 2 ай күтіп шаршағанын, құрылысты тез бастап, үй салуды сұрады.  

— Көктемгі су тасқыны кезінде Ырғыз ауданында 168 үй зардап шекті. Оның 161-і жарамсыз болып қалды. Ал жетеуіне күрделу жөндеу жүргізіледі. Жалпы тұрғындардың 24-і дайын үй сатып алуға келісім берді. Оның жетеуі үйді алды. Есептегенде 137 үй салынады. Оның 75-і Нұра ауылында, 12-і Мамырда, 50-і Ырғыз ауданының орталығында, — дейді Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов. 

Айта кетейік, Нұра ауылын Сарыоба жеріне көшіру үшін құжат жасалды. Рұқсат алынып, осы аптада құрылыс материалдары жеткізілуі тиіс.

Ал құрылыс тамыз айының ортасында аяқталады деп жоспарланған.