Су тасқыны: Ақтөбенің Нұра ауылы екі аптадан бері суда тұр

Ақтөбе облысы
Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ырғыз ауданы орталығынан 90 шақырым қашықта орналасқан Нұра ауылының халқы 12 сәуір күні көшірілді. Мұнда 14 сәуір күні бөгеттер бұзылып, ауылға су кірді. Содан бері екі апта өтті. Су деңгейі шамамен 3 метрге жеткен. Kazinform тілшісі ауылдың қазіргі жай-күйімен танысып, халқымен тілдесіп қайтты.

- Нұра ауылында туып өстім. 1974 жылдан бері осы үйде тұрдым. Өзім үйді жөндедім. Басында шағын үй болды. Кейін кеңейтіп, былтыр газ кіргіздім. Су кіріп жатқанда бір келіп кеттім. Ол кезде су деңгейі белуардан келді. Қазір көтеріліп кеткен. Бәрі үй ішінде қалды. Негізі 24 наурыздан бастап дайындық күшейді. Бөгет салдық. Ал су 14 сәуір күні кіріп кетті. Ескерту үшін мектептегі дабыл жүйесін қосты. Себебі екі жақта бөгет бұзылды, - деді ауыл тұрғыны Бөкенбай Қарин. 

су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова

Бөгет салу жұмысы наурызда басталды

Ырғыз ауданы Нұра ауылының ер азаматтары 24 наурыздан бастап бөгеттер тұрғызды. Ауылды қоршай мыңдаған құм толы қап төсеп, кей тұсын 3 метрге дейін көтерді. Күні-түні кезекшілік қойып, күзетті. Бұған дейін бір жылға жуық уақыт әкімсіз отырған ауыл халқы 7 сәуірде таңдау жасап, Ақнар Омаровты сайлады. Содан соң қарбалас басталып, Нұра ауылдық округіне қарасты Нұра, Мамыр, Белшер ауылдарының халқы эвакуацияланды. Бұл шешім шұғыл жасалды.

су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова

Итімді қатты уайымдадым - Бақытқали Ахметов

Нұра ауылының өзі іштей Түбек және Штаб болып екіге бөлінеді. Екі ауылдың ортасында сор бар. Түбек ауылының үйі қазір түгел жарамсыз күйде. Бірінің шатыры ғана көрінсе, енді бірінің ізі де қалмаған. Бізбен бірге ауылды аралаған Бөкенбай Қарин мен Бақытқали Ахметов көрші тұрады. Екеуі де осы ауылдың төл тумасы.

Нұра ауылы
Фото: Алтынай Сағындықова

- Нұра ауылының тұрғынымын. Туған жерім, өскен жерім осы. 24 наурыздан бастам бөгет соғамыз деп арпалыстық. Қол күшімен ауылды біраз ұстадық. Онымен болмады. Екі метрден астам биіктікте бөгет соқтық. Ауылдың жеке тракторымен де бөгедік. 14 сәуір күні сағат 12:00-ден кете ауылға су кірді. Алдымен емхана жақтан бұзып, арада 15-20 минут өткенде сорға құйды. Дабыл қағылып, шығып кеттік. Үйіміз осы, ештеңе ала алмадық. Бала-бағамыз оның алдында кетті аудан орталығына. Өзіміз үстіміздегі киіммен шықтық,- деді ол.

Бұдан 15 күн бұрын келіп, ауылға кіре алмай кеткен Бақытқали Ахметов маторлы қайықпен аралаған кезде итін іздеді. Ақтабанды шақырғанда иесін таныған ит бірден жүзіп келді.

Нұра ауылы
Фото: Алтынай Сағындықова

 - Итім ауылда қалып қойды. Балаларым сұрап жүр еді. Адам қаппайды, мал қумайды. Күшік кезінен асырадым. Ауылға бір келіп, кіре алмай еттім. Итімді қатты уайымдадым,- деді Бақытқали Ахметов.

су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова

Ит пен иесі қауышқан соң Төтенше жағдайлар департаментінің моторлы қайығымен ауыл ішін аралап шығуға мүмкіндік болды. Мұндағы барлық әлеуметтік нысанға түгел су кірген. Екі қатарлы мектеп былтыр ғана қайта жөнделген. Сонымен бірге Нұра ауылының клубы, оның ішіндегі кітапханасы да судың ортасында. Сонымен бірге ауыл ішінде орналасқан 5 дүкеннің бәрін су шайып кетіп, шатырларын ауыл шетіне ағызып жіберген. Мешіт те суда тұр. Балалардың ойын алаңы мүлде көрінбейді. Былтыр ғана 115 млн теңге салынып, қолданысқа берілген әкімдік ғимараты да сол күйде. Жаңа әкім бұл ғимаратта бір апта да жұмыс істей алмай, іші-сыртын су алды.

су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова
су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова

Су қайтпай, құрылыс бастала береді 

Ырғыз ауданы Нұра ауылында 112 үй бар. Оның қазір 103-іне су кірді. Сонымен бірге Мамыр ауылында 22, Белшерде 4 үй жарамсыз күйде.

су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова
су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова

- Салатын үйлер саны әлі күнге дейін белгісіз. Себебі үйлер әлі су астында тұр. Ол жаққа техникалық сарапшылар, бағалаушылар әлі барған жоқ. Олар су тартылмай қарай алмайды. Бірақ тартылғанын күтіп отыра алмаймыз. Суға кетіп тұрғаны рас. Сондықтан бөлек сала береміз. Мамырда 30 үй болса, соның 22-іне су кірген. Сол 22 үйді көтеріп салғымыз келеді. Белшерде 4 үй суға кеткен. Ырғыздың орталығында да өзен жағасында жағдайы нашарлап қалған үйлер бар. Оларды техникалық зерттеушілер қарайды. Қажет болса бұзып, басқа жерден саламыз. Дайын тұрған учаске жоқ. Төтенше жағдайға байланысты инженерлік желі тарту да, үй салу да жеңілдетілген режиммен жүргізіледі. Ауданы 80-100 шаршы метр болатын үйлердің саны әзірге белгісіз. Қазір жобалаушы мекемемен сөйлесіп жатырмыз, - деді Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Асқар Уәли.

су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова
су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова

Нұра мен Мамыр ауылдарын аралап келген Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов Нұра ауылын түгел көшіруге шешім қабылданғанын айтты.

су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова
су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова

- Мамыр ауылында 25 үйге, Нұрада 103 үйге су кірді. Оларды техникалық бағалаушылар қарап, шешімін шығарады. Қаншасын салып, қаншасына жөндеу жүргізілетіні сол кезде белгілі болады. Ал қазір Құйылыс пен Жайсаңбай ауылында бөгет бекіту жұмысы жүріп жатыр. Мен қазір Қостанай облысының Женгелді ауылы әкімімен сөйлесіп отырмын. Торғай өзенінде су деңгейі түскен. Ол су біздің Нұра мен Мамыр ауылдарына келеді. Ал бұл ауылдарда су деңгейі түспей тұр,- деді Нұрлан Қызбергенов.

су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова
су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова

Айта кетейік, биыл Нұра ауылына Ырғыз және Торғай өзендерінің суы қатар келеді. Бұған дейін Торғай өзенінің суы мамыр айының алғашқы онкүндігінде келсе, биыл Ырғыз өзенімен қатар сәуірде жетті.

су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова
су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова
су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова
су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова
су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова

 

Соңғы жаңалықтар