«Ақжайық» резерватындағы ахуал бақылау мұнараларынан тікелей көрсетіліп жатыр

Фото: «Ақжайық» резерватындағы ахуал бақылау мұнараларынан тікелей көрсетіліп жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында мониторингті күшейту, өрт тұтанған жағдайда жедел әрекет ету мақсатында бақылау мұнараларынан тікелей бейнетрансляция іске қосылды.  

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, резерват аумағына тепловизорлармен, камералармен жабдықталған үш стационарлық мұнара орнатылған.

– Бұл резерваттағы жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Бақылау мұнаралары 2024 жылы Атырау облысы әкімінің тапсырмасымен бюджет қаражатына қондырылды. Онлайн режимдегі трансляцияны көруге болады. Енді Атырау облысының тұрғындары резерват аумағындағы жағдайды бақылап, түтін немесе оттың тұтанғанын байқаса, жедел әрекет ету қызметтеріне хабарлай алады, - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі. 

Еске сала кетелік, бұған дейін төтеншеліктер Атырау тұрғындарына түтін мен ыстың иісіне байланысты көшеге шықпауды ескертті.

Ал кеше Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы өртке тікұшақпен 100 тонна су төгілгенін хабарладық. 

Бүгін Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті әлі толық сөнбегенін жазған болатынбыз.