«Ақжайық» ФК баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, біраз жылдан бері оралдық клубқа жанкүйерлік етіп жүрген Мира Елекешева 7 ақпан күні жол апатына ұшыраған.
Салдарынан тоқпан жілігі зақымданған қызға 9 ақпанда ота жасалды.
Рысбек Қоңыров, Самат Бердәулетов, Руслан Хаиров, Бауыржан Омаров және Мейрам Сапанов сынды ойыншылар ауруханаға арнайы келіп, Мирамен кездесті.
«Команда жанкүйерлері әрдайым өзара жағдай сұрасып тұрамыз. Ауруханада жатқанымда, Нұралы есімді досым хабарласып, төменге түсуімді өтінді. Сәлем-сауқат қабылдау орнына барғанымда, сүйікті командамның ойыншыларын көріп, қатты таңқалдым. Маусым барысында біз футболшыларды қолдасақ, осындай қиын жағдайға тап болғанда, ойыншылар мені қолдай келді. Қуаныштымын, - дейді Мира Елекешева.
Ойыншылар жанкүйерге денсаулық тілеп, команда оны қолдауға әзір екенін айтты. Сондай-ақ Мейрам Сапанов ойын жейдесін сыйласа, Бауыржан Омаров жанкүйер шарфын тарту етті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» футбол клубына жаңа бас бапкер тағайындалғанын жазған болатынбыз.
Фото – «Ақжайық» футбол клубы