«Ақжайық» табиғи резерваты әкімдік балансына беріле ме: Роман Скляр жауабы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватын жергілікті әкімдік балансына беру туралы ұсыныстың орынсыздығын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватын Атырау облысының әкімдігі балансына беру үшін республикалық маңызы бар санатынан мәртебесін төмендетіп, жергілікті маңызы бар санатқа ауыстыруды талап етеді. Жоғарыда айтылғанның негізінде және Қазақстан Республикасының Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы Заңының 14-бабының, 6-тармағына сәйкес «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды «республикалық маңызы бар» санатынан «жергілікті маңызы бар» санатына ауыстыруға жол берілмейді», - деп жазады вице-премьер.

Еске салсақ, Каспий жағасындағы қамыс өртінен кейін Атырау облысының әкімдігі «Ақжайық» резерватын өз балансына беруді сұраған болатын.

«Қазір «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағы өте үлкен. Бұл – 115 мың 500 гектар. Резерват Экология және табиғи ресурстар министрлігінің теңгеріміне қарайды. Біз оны Атырау облысы әкімдігінің теңгеріміне алғымыз келеді. Әкімдік балансына Каспий теңізінің Ресей Федерациясындағы Астрахан облысының шекарасынан Маңғыстау облысының шекарасына дейінгі аралықтағы аумағының берілуін сұрадық. Егер бұл мәселе шешілсе, онда резерватқа облыс бюджетінен қаржыландыру қарастырылады. Алдымен Каспий теңізінің жағалауындағы резерват аумағында балық және аң аулауға тыйым салынады. Қамыс өртінің алдын алу үшін бейнебақылау және тепловизорлар орнату жоспарланып отыр», - деген болатын Атырау обылсы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.