Атырау облысының әкімдігі «Ақжайық» резерватын өз балансына беруді сұрап отыр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының әкімдігі «Ақжайық» резерватын өз балансына беруді сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, әкімдік «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватын өз балансына алуды жоспарлап отыр. Бұл мәселе оң шешімін тапса, Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртінің алдын алу жұмыстарын реттеуге болады.

«Қазір «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағы өте үлкен. Бұл – 115 мың 500 гектар. Резерват Экология және табиғи ресурстар министрлігінің теңгеріміне қарайды. Біз оны Атырау облысы әкімдігінің теңгеріміне алғымыз келеді. Әкімдік балансына Каспий теңізінің Ресей Федерациясындағы Астрахан облысының шекарасынан Маңғыстау облысының шекарасына дейінгі аралықтағы аумағының берілуін сұрадық. Егер бұл мәселе шешілсе, онда резерватқа облыс бюджетінен қаржыландыру қарастырылады. Алдымен Каспий теңізінің жағалауындағы резерват аумағында балық және аң аулауға тыйым салынады. Қамыс өртінің алдын алу үшін бейнебақылау және тепловизорлар орнату жоспарланып отыр», - дейді Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий жағалауында жанған қамыс түтіні Атырауды басып қалған еді.

Кейін Каспий жағалауындағы қамыс өрті әлі толық сөнбегенін хабарлаған болатынбыз.

Атыраулық тұрғын көшеге противогаз киіп шықты.

Сондай-ақ қамыс өртін сөндіруге тікұшақ тартылатынын жазған едік.

«Атырау облысында бір тікұшақ болған еді. Сол тікұшақ апатқа ұшырағаннан кейін жарамсыз болып қалды. Сол себептен, теңіз жағалауындағы өртті сөндіру үшін Төтенше жағдайлар министрлігі арқылы Маңғыстау облысынан тікұшақ алдыруға шешім қабылданып отыр», -деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.


Соңғы жаңалықтар