Әл-ауқатты тексеру: Енді жәрдемақы үшін ажырасу көмектеспейді

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде мемлекеттік әлеуметтік көмек тағайындау кезінде жеке адамның ғана емес, тұтас үй шаруашылығының материалдық жағдайы ескеріледі. Бағалау кезінде бөлек тұратын ата-аналар да баланың отбасы құрамына енгізіледі. Осылайша жәрдемақы үшін ажырасудың алдын алу көзделген.

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, 30 қыркүйекте бекітілген Әлеуметтік әл-ауқат деңгейін айқындаудың жаңа әдістемесі бекітілген. Жаңа әдістемеде екі негізгі компонент — материалдық әл-ауқат және әлеуметтік тұрақтылық қаралады.

— Біріншісі — материалдық әл-ауқат. Ол алты бағыт бойынша 59 көрсеткішті қамтиды. Олардың қатарында кіріс және жұмыспен қамту, жылжымайтын мүлік, көлік, бизнес, ауыл шаруашылығы активтері және кредиттер есептеледі, — деді А. Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Мәліметтер мемлекеттік базадан алынады. Азаматтардан қосымша анықтама талап етілмейді.

Бағалау барлық отбасы үшін бірыңғай критерийлер бойынша автоматты түрде жүргізіледі.

— Екінші компонент — отбасының әлеуметтік тұрақтылығы. Отбасының құрамы, оның ішінде балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы ескеріледі. Асырауындағы адамдардың жүктемесі барынша жоғары болса, отбасының әлеуметтік тұрақтылығы төмен болады, — дейді Еңбек министрі.

Осылайша, табыстың бірдей болуы әл-ауқат деңгейінің бірдей екенін білдірмейді. Әлеуметтік жүктемесі жоғары отбасыларға тиісті баға беріледі.

Бір мекенжай бойынша тіркелген отбасы мүшелері, туыстары және бірге тұратын басқа адамдар есепке алынады. Олардың табысы мен мүлкі ескеріледі.

— Жалғыз тұратын ата-аналар бөлек тұрған жағдайда да балаларының отбасы құрамына енгізіледі, — деді Асқарбек Ертаев.

Бұған дейін А. Ертаев бірде-бір мұқтаж қазақстандық қолдаусыз қалмайтынын айтқан еді.

Құрылтай депутаты Ләззат Қожахмет жұмыс істейтін әйелдердің декреттік төлемі сақталатынын айтқан еді.