Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бухгалтерлерінің алаяқтығы ЖОО беделіне нұқсан келтірмеуі тиіс - ҚР БҒМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде орын алған ақша жымқыру оқиғасы жайлы өз пікірін білдірді.

«Бұл өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, заңсыз ақшаны иемденген жекелеген тұлғаларға қатысты. ҚазҰУ өзінің ғылыми әлеуеті мен оқытушылық құрамы, халықаралық байланыстары бойынша рейтинг бағалауында елдегі үздік ЖОО-лардың бірі екенін айта кеткім келеді. Сондықтан бұл оқиға ЖОО беделіне нұқсан келтірмеуі тиіс», - деді Т. Балықбаев Астанада өткен селекторлық кеңестен кейін журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында.

Еске салсақ, бірнеше студент әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бухгалтерлерінің алаяқтығы туралы шағыммен полицияға жүгінген болатын. Осы қылмыстың салдарынан жүздеген түлек жоғары білімін аяқтағаны туралы диплом ала алмай қалды.

Қазір бухгалтерияның бұрынғы мамандарына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ күдікті 4 курс студенті Әсел Қыдырбайға да қатысты сот алды тергеу жүргізілуде.